Жандос Болдықов: Саланың дамуына серпін беретін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы әзірленуде

19 Тамыз 2019, 16:52 3895

Шілде айында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесімен меморандумға қол қойды.  

Жалпы ынтымақтастық құру мақсаты – қос тараптың мүмкіндіктері мен ғылыми-зерттеу қызметтерін тиімді пайдалану, мәдени мұраны сақтау, елдің тарихына, мәдениетіне және тұрмыс жағдайына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптардың құндылығын анықтау, аудару, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу; кітап жәдігерлерін қалыпқа келтіру, оларды каталогтандыру, цифрлық жүйеге көшіру, қолжазбалардың цифрлық көшірмелерінен микрофильмдер жасап, оларды сақтау салаларында ғылыми тәжірибе алмасу. Сонымен қатар қолжазба баспалары, литография, беттік баспа, цифрлы көшірмелер мен қолжазбаларды қолдану және қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысу болып табылады.


Қос тарапқа да тиімді ынтымақтастықтың нәтижелі болуына себепкер – мекеме директоры Жандос Бекділдәұлы Болдықовқа жолығып, әңгімелескен болатынбыз. Ол мекеменің бүгінгі таңда жүзеге асырып жатқан жұмыс барысымен таныстырып, болашақ бағдарын айқындады.  

— Жандос Бекділдәұлы, еліміздің ежелден келе жатқан тарихын, құнды қолжазбаларын, баға жетпес сирек кітаптарын сақтайтын бірегей орталықтың құрылуы – өткенді, бүгінді, болашақты байланыстыратын, сананы байытатын, адамзаттың рухани құндылығын арттыратын орта болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетініне дау жоқ. Бүгінгі күні ел аузына сиректігімен тарап кеткен орталықтың жұмысы туралы айта отырсаңыз әрі құрылымымен таныстыра кетсеңіз. Құрылғалы неше жыл өтті және бастамашысы кімдер?

— Иә, дұрыс айтасыз. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Өз алдымызға дербес елдігімізге дәлел боларлық құндылықтарымыз, теңдесі жоқ дүниелеріміз қалыптасып, рухани жаңғырдық. Бәрін тізбектемей-ақ 2017 жылы орын алған тарихи оқиға – «EXPO-2017» көрмесінің біздің елде өтуі туралы айтсам да жеткілікті. Дәл осы жылы көрме аясында бұрынғы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылып, ізденушілердің ғажайып орнына айналды. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, тілегеніміз алдымыздан іздемей-ақ табылды.
Негізі әрбір дамыған елде сирек қолжазбалар мен кітаптар орталығы бар. Ол әуелі сол елдің мәдени деңгейінің көрсеткіші. Содан кейін тарихы, әдебиеті, жағрафиясының және басқа да ғылымдарының шырақшысы болып табылады. Бұл жерде мысалға Ватикан, Германия, Италия елдерін атап өткім келеді. Онда мұндай дүниелерге қызығушылық өте жоғары, тарихқа қатты мән береді. Ватикандағы кітапханада бар әлемнің тарихы сақталған десе де болады.

Ватикан апостол кітапханасында орта ғасыр мен қайта өрлеу дәуірінің қолжазбаларының бай жинағы топтастырылған. XV ғасырда IV-ші Папа Сиксттің бастамасымен құрылған кітапханада қазіргі уақытта шамамен бір миллион алты жүз баспа кітабы, бір жүз елу манускрипт, сегіз мың үш жүз инкунабул, бір жүз мың гравюралар мен географиялық карталар, үш жүз мың монеталар мен медальдар бар екен. Сондай-ақ кітапхана құрамына Ватикан кітапханашылар мектебі мен маңызды манускриптерді қалпына келтіру және жаңғырту зертханасы (факсимиле) кіреді.

Біздің де Қазақстанда осындай үлкен орталық болса екен деп мақсат етіп отырған жайымыз бар. Бұйыртса, оған да қол жеткізетінімізге сенімім мол. 

Ал енді екі жылдағы жұмыс барысын айтар болсам, ең бастысы – біздің қорды толтыру керек болды. Ең бірінші дүниелер орталықтың сөрелеріне қойылғанда, еліміздің еңсесін көтертетін саламыздың тамырына қан жүгіріп, жандана бастады. Білесіз бе, ғасырлардан ғасырларға сақталып жеткен кітаптар, қолжазбалар қолыңа тигенде, үлкен құпияға, жұмбағы мол сырға қолыңды тигізгендей күй кешеді екенсің!

Қазіргі таңда орталық жеті мыңға жуық кітаппен толықтырылды. Әйтсе де барлығы дерлік көне деп айтуға келмейді, арасында үш жүз-төрт жүз мың кітап пен қолжазбалар XII-XV ғасырларға тиесілі. Бірақ біз үшін ұлтымызға, елімізге қатысы бар дүниенің бәрі құнды, қымбат. Бірнеше ғасырлар өте келе біздің ұрпақтарымыз оларға ғажайып дүниеге қарағандай болатыны белгілі ғой. Қазіргі жұмысымыздың маңыздылығы да сонда. 

Қорды толтыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Басқа архив пен кітапханалармен келіссөздер жүргізіліп, республикалық, қалалық, аудандық деңгейдегі мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Былтырғы жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бізге Италия, Германия сынды мықты базасы бар елдер қолданатын реставрация жасайтын жабдық алып берді. Соның арқасында жұмысымыз жеңілдеп, күрмеуі шешілмей жүрген мәселеміз шешімін тапты.

Жалпы әлемдік деңгейде алып қарасаңыз, біздің орталық жас әрі шағын. Буыны қатпаса да, алдыңғы қатардағы орталықтарға аз уақытта айналуына еш кедергі жоқ. Тек ынта, талап, ізденісті тоқтатпауымыз керек.

Ал енді ішкі жұмыстарға келетін болсам, жұмыс бес бағытқа бөлінген. Келушілерге алдымен көрме залын таныстырамыз. Онда соңғы уақыттарда әкелінген дүниелер қойылады. Оларды мейлінше көп адам көріп, білсін деген мақсатта ұзақ мерзімге жайғастырамыз. 

Бізге шетелден туристер көптеп келетінін айта кеткім келеді. Олардың арасында студенттер де болады. Мысалы, өткенде Франция елінде докторантурада білім алып жүрген бір студент Қазақстан тарихына байланысты мәліметтерді алып кетті. Негізінде студенттер ақпарат таситын тұлғалар. Әлгі студент Францияда біз туралы айтар болса, бірі болмаса, бірі қызығушылық танытары анық. Не болмаса, қазақ тарихына қатысты мәлімет іздеген адам болса, сол студент немесе студенттен естіген адамнан білуі әбден мүмкін ғой. Сол себепті көрме залын тегін әрі демалыс күндері де жұмыс істейтіндей қылдық. Бізге бір адам келсе де ыстық көрінеді.

Сонымен бірге реставрация бөлімінде төрт адам қызмет етеді. Өкінішке орай, бізде реставрациямен айналысатын арнайы мамандар даярлайтын оқу орындары жоқ. Реставрация жасау үшін де үлкен білім мен дағды қажет. Ол өте күрделі, шеберлікті және қолдың ептілігін, нәзіктігін талап ететін жұмыс. Маманның біліктілігін жоғарылату, оны даярлау мәселесін Иран, Түркия, Араб мемлекеттерімен өзара меморандумға қол қою арқылы шешіп отырмыз. Алдағы уақытта Корея, Армениямен ынтымақтаспақпыз. Бөлім басшылары, қызметкерлері аталған елдерде білім алып, тәжірибе алмасады және семинар, тренингтерге қатысады, сондай-ақ өздері де баяндама жасайды. Болашақта қызметкерлеріміз Қазақстанда өздері білім беретін жетістікке жетеді деген үмітіміз бар. Бұл турасында ойланып, жоспарға енгізіп, жүзеге асыру жолдарын қарастырып жатырмыз.

Тағы бір құрылым – электронды оқу залы еуропа үлгісінде жасалған, шағын. Тегін вай-фай желісі орнатылған. Яғни, келушілерге барлық жағдай жасап қойдық. Тіпті өздерімен ішіп-жейтін ас-суын әкелсе де болады, ол үшін арнайы бөлме жасақтап қойғанбыз. Цифрлік бағытқа бет бұрған заманда адамдар кітаптарды электронды нұсқаларда оқитын болды ғой, сол себепті де сканер алғанбыз. IT-технология маманы біздегі кітаптар мен қолжазбаларды көшіріп, беттеп, электронды нұсқасын жасап жатыр. Алдағы күндері электронды каталог құрамыз.    

Атқарылатын жұмыс қыруар. Ресей, Өзбекстан, тағы да басқа елдерде Қазақстанға қатысты сақтаулы мәліметтерді елімізге оралту қажет. Өзбекстандағы әл-Бируни атындағы кітапханада құнды дүниелер мол. Менің білуімше, онда отыз мыңға жуық қолжазба, қырық мың шамасында сирек кітаптар сақтаулы. Кейбір қолжазбаларға мың жыл болған. 

Сондай-ақ Арменияда Месроп Маштоц атындағы «Матенадаран» ежелгі қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтымен қоян-қолтық жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Бұл институтта Армения мен өзге де елдердің тарихынан сыр шертетін қолжазбалар жетерлік.      

Ұжым мүшелерінің басым көпшілігі жастар, оларды жұмыстары қызықты болсын деп барынша жағдайларын жасап отырмыз. Оқуға жіберіп тұрамыз, арасында музей, архивтерге шығып тұрамыз. Ең бастысы – қызметкерлердің жұмысына тыңғылықты қарауы. Ал ол бізде қалыптасқан.


— Орталықты әлемдік деңгейге шығарудағы мақсаттарыңыз көңілге қонымды екен. Қарқынды жұмыстың нәтижесі басқаша болуы да мүмкін емес қой. Осы орайда қолға алып жатқан ірі жобаларыңыз болса, сол туралы айта отырсаңыз.

— Рақмет, сұрағыңыз орынды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын» деген болатын. 

Соның аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі үлкен жобаны әзірлеуде. Қазіргі уақытта әлі бекіген жоқ, бірақ жобаның негізінде тұпнұсқасы болсын, көшірмесі болсын немесе электронды нұсқасы болсын, әйтеуір Қазақстан тарихы бойынша мәліметтерді елге оралтуды жан-жақты ойластырудамыз.


— Ал енді белгілі бір орындарда сирек қолжазбалар мен кітаптардың бар екендігі туралы деректерді қалай біліп отырасыздар?

— Бұрындары «Археография» деп аталатын мекеме жұмыс істеп тұрған еді, сонда арнайы бөлім болды. Міне, солармен бірге бірлесіп ортақ база құрған едік. Ай сайын әрбір елде, мысалы, Америка, Еуропа, Қытайда сақтаулы қолжазбаларды, кітаптарды іздеп табады. Хат алмасу арқылы есеп алысып тұрамыз. Алынған деректерге сәйкес жинақ жасалған еді. Қазіргі кезеңде базада қырық мыңға жуық мағлұмат бар.

Тағы бір айта кетер жайт, «Архив-2025» жобасы аясында экспедиция ұйымдастырылып, ғылыммен айналысып жүрген тұлғалар ел-елге, жер-жерге шығады деп күтілуде. Біз аталған топқа қандай да бір құжаттың, мәліметтің қай елде сақтаулы екенін айтып, бағыттап отыратын боламыз. Экспедиция мүшелері барған жерінде нәтижелі жұмыс істеп, тұралап қалған шаруаның жаңығурына сеп болады.


— Қазақстанға қатысы бар жазбаларды елімізге қайтару жолы қалай жүзеге асырылады?

— Біз алдымен өз тарапымыздан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаймыз, олар арқылы шет мемлекеттерге шығамыз. Яғни, шетелдегі мәліметтерді министрліктердің арасында меморандумға қол қою арқылы ала аламыз. Мысалы, Өзбекстандағы Қазақстанның елшілігіне хат жолдадық. Елшілік біздің хатымызда көрсетілген сұранысты өз деңгейінде шешеді. Әрі қарай ресми жағдайда жоспарланған жұмысты жүзеге асыруды қолға аламыз.     

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясымен меморандумға қол қойдық. Басты мақсат – этномәдени орталықтармен ынтымақтасып, бірлесе жұмыс істеу. Дегенмен де этномәдени орталықтардың тарихи отандарымен байланысы біршама қалыпқа келген ғой, ол қолыңды ұзартып, қордың кеңейуіне айтарлықтай үлесті болатыны анық.

Осы орайда айта кету керек, біздің жұмысымыз қазақстандық тарихқа бағытталған. Біз көне кітап, жазбаларды өңдеп, қалыпқа келтіріп қана қоймай, ғылыми айналымға шығарамыз. Осы бағытта конференция, дөңгелек үстелдер өткіземіз, БАҚ-қа мақала жазамыз. Бұл ретте Л.Н. Гумилев атындағы ұлттық университетпен тығыз қарым-қатынастамыз. Мені қуантатыны – жас мамандар осы дүниелерге үлкен қызығушылық білдіреді. Біз де оларға мағлұматымызбен қуана бөлісеміз. Зерттеу жұмыстары әрдайым ғылымға алып келеді, сол себепті ойымды жинақтай келе, сөзімді академик Қаныш Сәтбаевтың мына сөздерімен жеткізгім келеді: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады».


— Архив бұрын жабық мекеме саналатын. Қазір де солай ма? Қазақстандағы ірі архивтердің жөнін айта отырсаңыз.    

— Негізінде қазір де жабық. Елімізде архив ұлттық және орталық деп бөлінеді. Ұлттық архив елордамызда орналасқанын білесіздер. Онда маңызды жұмыстар жүйеленіп отыр. Ал орталық архив Алматыда орналасқан. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивтің қорында бір миллион бес жүз мың іс сақтаулы. Тіпті Кеңестік дәуірге дейінгі құжаттардың барын айта кеткім келеді, оның ішінде қазақ тарихы мен мәдениетінің жарқын тұлғалары – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновқа қатысты құнды деректер жетерлік.

Кеңестік дәуірде КСРО ішкі істер халық комиссариаты архивті бақылауда ұстады. Біздің заманда да бақылуда, бірақ әр мәліметтің сақталу деңгейі әртүрлі болғандықтан, бағдарламаға сәйкес архивтегі кейбір материалдар қолжетімді. Мысалы, жиі ашық есік күндері ұйымдастырылып тұрады, белгілі бір тақырыпқа байланысты қызықты материалдар көпшілік назарына ұсынылады.


— Архив кімдерге қызықты?

— Бірінші кезекте – тарихшылар, өнертанушыларға. Осы орайда Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясымен меморандумға қол қойғанбыз, өйткені бізде мәдениет тарихына қатысты мәліметтер бар ғой. Өнертанушылар, мәдениет саласын зерттеушілер өздеріне қажетті мәліметтерді алып отырады. Сондай-ақ филологтар, араб мәдениетін, қытай, парсы тілдерін зерттеушілер, аудармашылар, лингвистерден сұраныс көп.

Көпшілікке мәлім, мемлекеттік мекемелердің барлығы құжаттарын архивке тапсырады, сол себепті де үнемі өзара байланыста.

 

— Әңгімеңізге рақмет, орталықтың жұмысына табыс тілеймін! 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: