Жанатай батыр

28 Шілде 2014, 09:19

Жанатай (кейде Жантай деп те жазылып жүр) батыр қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Өрнек (бұрынғы Жанатай) ауылында дүниеге келген.

Жанатай (кейде Жантай деп те жазылып жүр) батыр қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Өрнек (бұрынғы Жанатай) ауылында дүниеге келген. Ол Орта жүз Арғынның Атығай руының Құдайберді бөлімшесінен тарайды. Жанатай Ақанұлы 1723 жылы туып, 1771 жылы қалмақтармен болған қанды шайқаста қаза тапқан. Ол ат жалын тартып мінгелі Абылайдың хас батырлары – Қанжығалы Бөгенбай, ҚараКерей Қабанбай, Уақ Баяндармен талай қанды жорықтарға қатысқан. Жанатай батырдың әкесі Ақан мыңдап жылқы айдаған бай, елге беделді, айтқан сөзі далада қалмайтын өтімді адам болған. Жанатайдың анасы Болат бәйбіше қарулы, өжет адам болған екен. Болат бәйбішенің төркіні Кіші жүз Адай руы екен. Ақан мен Болатта тоғыз ұл болыпты. Олар: Түгел, Жантүгел, Қонай, Жанатай, Үркін, Шағатай, Қарамырза, Сарымырза, Азнабай. Жанатайдан Тілеуберді батыр туады. Тілеуберді батыр Кенесары тұсындағы соғысқа қатысып, өшпес ерлігімен көзге түскен.

Жанатай батырдың ерлігін, қадір­қасиетті жақтарын ел есінде қалдырған. Жанатай батырды ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында былай көрсетеді:

 

Жиылды өңшең ноян, ығай-сығай,

Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай.

Түу баста Абылайды хан көтерген

Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай.

 

Ашуы төккен қардай, шөккен нардай,

Қос қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай.

Бөкеннің жас жолбарыс жеткіншегі –

Аузынан жалын шыққан жас Жанатай.

 

Осы поэманың тағы бір жерінде Мағжан былай деп төгіледі:

 

Қалың қол арасында батыр Баян,

Баянның батырлығы Алашқа аян.

Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен

Аузынан көбік болып бұрқырап қан.

Оң-солға алдаспанды сілтегенде

Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан.

Жанында жалғыз жолдас жас Жанатай

Қансырап зорға ғана кірпік қаққан.

Түзеліп отыруға халі қалмай

Қасқайып бара жатты құлап аттан.

 

Қара Керей Қабанбай туралы жарияланған бір мақалада Жанатайдың ерлігін тамаша суреттеген: «Қалмақтың Аманалы деген батыры қазақ жауынгерлерін ілгері бастырмай иіріп тастап, жекпе­жек сұрап тұрып алады. Қара нардай Аманалы батырға қазақтан ешкім шыға қоймайды. Бір сәтте Жанатай батырдың екі көзі шоқтай жанып, аруағы ұстаған бақсыдай «Иә, аруақ! Абылай!» деп жалын шашқан жас Жанатай ақ найзасын күнге шағылыстырып шыға келіпті. Аманалы  да қарсы ұмтылады. Көз ілеспес шапшаңдықпен жау батырын ақ найзамен жүрек тұсынан түйреп жіберіпті Жанатай».

Жанатай батыр туралы қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің «Исторические предания о батырах ХVІІІ в.» деген мақаласында жазған болатын (Ч.Ч. Валиханов. Собр.соч. в пяти томах. Том І. – Алма-Ата, 1984. – Стр. 221).

Абылай хан 1771 жылы Ресейден Қытайға қарай ығысқан Еділ қалмақ әскерін барлауға 500 әскер беріп Жанатай батырды жібереді. Жанатай батыр жау қолына түсіп қалған інісі Арқандар батырды құтқармақ болып, 10 мың адамдық жау шебіне бес жүз сарбазымен басып кіріп, осы соғыста Жетісу өңірінде Іле бойында қаза табады. Осы ұрыстың соңына таман 500 сарбаз түгел қырылып, тек Жанатай батыр, баласы Тоқыш және 8 сарбаз қалады. Сол кезде Жанатай атынан түсіп баласын отырғызып, оған: «Сен тез қайт, қалайда тірі қалуға тырыс, әйтпесе мен үшін жаудан кек алатын адам қалмайды», – деп Тоқышты аттандырып жібереді. Өзі сол жерде қаза табады. Тоқыш қоршауды жарып өтіп Абылайға жетеді. Сол сәтті Шоқан былай келтіреді: «Когда Аблай узнал о смерти Жанатая, плакал неутешно, говоря: «Не дававший себя точить, черный булат мой!» (Там же, стр. 222)

Батырдың сүйегі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Өрнек (бұрынғы Жанатай) ауылының жанында жерленген. Жанатай батырдың жеті баласы болыпты. Олар: Тастемір, Таңат, Болат, Кешубай, Онжеті, Бошан, Кенжеқозы.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: