Жанарымнан аққан жас жүрегімді күйдірді: ҚХА мүшелері қайтыс болған балалардың туған-туыстарына сабыр тілейді

5 Ақпан 2019, 05:22 2404

Көктал-1 тұрғын алабында өрт салдарынан бір отбасының бес баласы (2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған) қайтыс болғаны белгілі. Кенжелеріне үш ай ғана болған еді.

Қазақстан Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қаза болған балалардың ата-аналары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Астанада орын алған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, қайғыға ортақтасты.

Шерзод Пулатов, Астана қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы:

Бес бірдей бүлдіршіннің өлімі барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды... Жауқазын өмірі енді ғана шешек атып келе жатқан балалардың ғұмыры гүлге емес, күлге айналғаны өкінішті-ақ. Жанарымнан аққан жас бет жүзімді емес, жүрегімді күйдірді...

Бүлдіршіндердің ата-анасына айтарға сөз таба алмаймын...

Өзбек этномәдени орталығының мүшелері атынан қазаға қайғыра көңіл айта отырып, сабыр мен иман тілеймін...

Акбаржон Исмаилов, Астана қаласының «Тәжік этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы:

Ғұмырдың қызығын көрместен, ақ қанатты періштеге айналып кете барған бүлдіршіндердің қазасы көңілге шоқ түсірді. Өксіген көңілдің қайғысы өзекті күйдіріп барады. Бұл қаралы хабар барша қазақстандықтарға ауыр тиді.

Кішкентай ғана болған жүректер енді соқпайды... Олардың сылдырмақ сыңғырындай күлкісі енді естілмейді...

Тәжік этномәдени орталығы мүшелері атынан бүлдіршіндердің ата-анасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Алладан сабыр тілейміз.

Бөлісу: