Басты фактор – ұлттық құндылықты дамыту

13 Сәуір 2017, 17:15 5928

Елбасы мақаласы жайында сарапшылар пікірі

Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері:

– Жаңғырудың басты факторы – ұлттық құндылықты, ұлттық рухты, бойымыздағы қадір-қасиетті дамыту. Өзіміздегі ескі қағидаттардан арылып, бүгінгі күннің арнасымен алға қарай ұмтылуымыз қажет.

Елбасы мақаласының ішінде көңілге медеу берген тұсы – білімді басты назарда ұстап тұрғаны. Қазақ: «білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» деп бекер айтпаса керек. Замануи біліммен байып, ұрпақтың бойына қазақ дәстүрін сіңіре отырып, алға жылжу идеологиясын назарға алып отыр.

Латын қаріпіне көшу туралы сыни пікірлерді көп естіп жатырмын. Бұл – күнделікті мәселенің бірі деп қана қарауымыз керек. Біздің алфавит бұған дейін қанша мәрте өзгеріске ұшырағанын ескерсек, латынға көшуден ешқандай қиындық көріп тұрғаным жоқ.

Сондай-ақ, Президентіміздің ұстанып отырған үш тілділік саясатын да қолдаймын. Ағылшын тілі – әлемнің ортақ тілі. Миллиардтаған қытай, миллиондаған Еуропа халқы неге ағылышын тілін үйреніп жүр дейсіз? Қазақ та бұл үрдістің соңында қалмай, әлеммен бірге дамуы қажет.

Бұл мақала – ұлттық құндылығымызды көтеруге орасан жол ашады.

Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы:

– «Ұлттық идеология көңіл көншітпейді» деген секілді пікірлер элита арасында айтылып қалатын еді. Міне, елбасының бұл мақаласы – сол сөздерге дер кезінде шыққан жауап болып отыр. Рухани даму мәселесі ара-тұра айтылып қалғанымен, бағыт-бағдары бар бағдарлама жасалмаған еді.

Елдің, ұлттың мүддесіне байланысты мәселені жүзеге асыру үшін ой озықтығы, ұлттық сананың мықтылығы байқалуы қажет.

Қазір бізге ең қажеті – рухани жаңғыру. Бұл мәселе төңірегінде бірнеше «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» деген секілді бағдарламалар жүзеге асты. Ал ендігісі – кең ауқымда жүргізілу керек. Бұл мақаланың басты мақсаты да – сол. Кез келген мемлекет дүние жүзіне, өзінің мәдениеті арқылы ғана танылды. Бұл мақала біздің мәдениетімізге, құндылығымызға үлкен резонанс алып келгетініне сенемін.

Арыстанғали Сансызбаев – «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушінің орынбасары:

– Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамымыздың рухани жаңғыруын айқындап тұрған бағдарламалық құжат болып табылады. Бұл – еліміздің, бүгінгі жастарымызға зор мүмкіндіктер туғызатын, жаңа белестерді бағындыруға бағытталған іс-қимыл жоспары ретінде айтуға болады.

Еліміздің салт-дәстүрін, тарихы мен ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, бәсекеге қабілетті, дамыған, жоғары білімді ұрпақ тәрбиелеу алға қойылған басты мақсат болып жатқаны көзі ашық қоғам өкілдерін бір желпінткеніне сенімдімін.

Бөлісу: