Махачкаладағы жанармай құю бекетінде күшті жарылыс болып, салдарынан 27 адам қаза тапты, оның үшеуі балалар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шетелдің БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға салдарынан 75 адам зардап шеккен. Құрбан болғандар саны 27. Қаза тапқандар қатарында 3 сәби бар.
Дағыстан Республикасының басшысы Сергей Меликовтың айтуынша, жанармай құю бекетіндегі жарылыс жергілікті уақыт бойынша 21:40-та (Астана уақыты бойынша 00:40) болған.
Қазіргі таңда өрт ауыздықталды. Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнында аумақты тазарту жұмыстарын жүргізуде.
Ресей Федерациясының Тергеу комитеті Махачкаладағы жарылыс фактісі бойынша Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 238-баптың 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін қызметтерді көрсету" бойынша қылмыстық іс қозғады.