Жаңарған «Гүлдер» ансамблі шет елдерге гастрольге шығады

2 Наурыз 2023, 16:05 1550

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова айттыдеп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблін қайта жаңғыртуды қолға алды. Бұл ансамбл кезінде бүкіл Кеңес одағына, тіпті әлем елдеріне қазақ өнерін кеңінен танытқан болатын. «Гүлдердің» құрылғанына келесі жылы 55 жыл болады екен. Өкінішке орай ансамблдің шығармашылығында он жылдай үзіліс болды. Кешегі үлкен кешті өткізу барысында бүкіл ұжым болып бірнеше ай бойы ақылдасып, өткен тарихқа қайта көз жүгіртіп, бірнеше бағдарламаны қарадық. Бірақ мұрағаттарда көп дүние сақталмаған екен. Дегенмен, жаңа құрамның жаңаша бағдарламасы сәтті шыққан секілді. Жаңа құрамның арасынанда елге белгілі әншілер шығады деп үміттенеміз», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ ол «Қазақконцерт» ұйымында өте талантты жас әншілердің бар екенін және алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлері мен шет елдерге гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отырғандарын айтты.

«Біздің ұжымда Димаш Құдайберген бастаған керемет талантты әншілер бар. 2025 жылға дейінгі жоспарымыз бойынша «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» атты бағдарламен еліміздегі 20 облысты, 28 ауданды, 27 моноқаланы және шалғай аудандарды аралап шығу ойымызда бар», - деді «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, «Гүлдер» ансамблі 1968 жылы құрылып, 1969 жылы 29 қазанда сахнаға шыққан. Алғашқы жетекшісі ҚР халық әртісі Гүлжихан Ғалиева болды. Ансамбль аз уақыт ішінде кеңінен танылып, көптеген шет мемлекетте сахнаға шығып, ел мақтанышына айналды. Қазақстанның белгілі әртістері Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Гүлнәр Сиқымбаева, Қанат және Айткүл Құдайбергенов сынды өнер майталмандары шығармашылық жолын «Гүлдерден» бастады.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: