Жаңаөзендегі жарылыс: Жүкті әйел сәбиінен айырылды

17 Сәуір 2023, 20:30 992

Жаңаөзенде жарылыстан зардап шеккен жүкті әйел түсік тастады. Ал өзіне ота жасалып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Иә, плацента жатырдан бөлініп, ота жасалды. Ол жүктіліктің 17-18-ші аптасында екен. Қазір кеуде омыртқасына ота жасалып жатыр», - деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының директоры Серік Асқаров.

Оқиға салдарынан 13 адам орталық ауруханаға жеткізілген. Оның жетеуі - балалар, олар жарақатының жеңілдігіне байланысты үйлеріне қайтарылған. Қалғандарына медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар травматологиялық бөлімге түскен орташа жағдайда күйік алған 2 кішкентай қыз ем алып жатыр.

Айта кетейік, Жаңаөзендегі екінші шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде газ жарылды. Жарылыс салдарынан 4 адам көз жұмды. «ҚазМұнайГаз» Жаңаөзендегі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер береді.

EL.KZ
Бөлісу: