Жаңаөзенде жыл соңына дейін жаңа зауыт құрылысы аяқталады

25 Сәуір, 01:36 610

Жаңаөзенде сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіру зауытының болашақ негізіне капсула салынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

24 сәуірде Маңғыстау облысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығаратын зауыттың болашақ негізіне капсула қаланды. Капсула салу рәсіміне "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев , "Өзенмұнайгаз" АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай, Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев, "Kazpetrodrilling" АҚ Маңғыстау облысы бойынша вице-президенті Ербол Айтуов, "Каскор-Машзавод" АҚ басқарма төрағасы Болат Арқаров қатысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Жаңаөзенде сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 17 миллиард теңгеден асады. Құрылыс кезеңінде 150 жұмыс орны және өндіріс басталғаннан кейін 250 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олар оқудан өткеннен кейін, үш жыл бойы кезең-кезеңімен жұмысқа орналасатын болады.

Кәсіпорын мұнай-газ саласының қажеттіліктері үшін жыл сайын 51 мың тонна сорғы-компрессорлық құбырлар мен 540 мың сорғы штангаларын өндіруді жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің өңірде жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту бойынша жоспарлы жұмыс жүреді. Өткен жылдың қыркүйек айында облыс әкімдігі мен «ҚазПетроДриллинг» компаниясы арасында Жаңаөзен қаласында зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, еліміздің экономикасын әртараптандыруға ықпал ете отырып, жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтады. Өндірістік тиімділікті жақсартуға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібі мен отандық өндірісті дамыту жөніндегі шараларды жалғастыру қажет, - деді Нұрлан Ноғаев. 

Мемлекет және даму институттары елімізде, оның ішінде Маңғыстау облысында инвесторларды қолдау және өндірістерді ұйымдастыру үшін қажетті жағдайларды жасауға қажетті барлық шараларды қолға алып отыр.

"ҚазМұнайГаз" ҰК " АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Жаңаөзенде жаңа зауыт салу инфрақұрылымға салынған инвестиция ғана емес, бұл өңірдің болашағы мен тұрақтылығына салынған инвестиция екенін атап өтті. 

Біз экономиканы көтеріп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайта отырып, жұмыс орындарын ғана емес, қаланың әрбір тұрғынының дамуы үшін мүмкіндіктер жасаймыз. Бұл зауыттың іргетасына салынған әрбір тас біздің қаланы дамытуға деген ниетімізді танытады. Бұндай жобалар стратегиялық инвестиция қаланың дамуына жаңа перспектива мен сенім беріп, оның дамуын өзгерте алады. Оған осы жобаның өзі дәлел бола алады. Біз Жаңаөзенді тек біздің компаниямызды ғана емес, бүкіл өңірді де табысқа жетелейтін өнеркәсіптік даму орталығына айналдыруға тырысамыз, - деді "ҚазМұнайГаз" ҰК " АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев. 

Құрылыс жобасы 2024 жылдың соңына дейін іске қосылады, 2025 жылдың қаңтарында өнім өндіріле бастайды деген жоспар бар. 

Айта кету керек, соңғы бес жылда Маңғыстау облысының негізгі капиталына 3,6 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. 

Сонымен қатар, биыл жыл соңына қарай жалпы сомасы шамамен 160,6 млрд теңгеге тағы 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Зарина Арман
Бөлісу: