Маңғыстау облысында орын алған жол-көлік оқиғасы екі кәмелетке толмаған баланың өмірін қиды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде жол апаты орнынан түсірілген бейнематериалдар таралды, бейнежазбадан жолдан шығып, аударылып қалған көлікті көруге болады.
Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендерге сол маңдағы жүргізушілер көмекке келіп, көліктің ішіндегі адамдарды сыртқа шығарған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға Жаңаөзен тас жолында орын алған.
Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының хабарлауынша, жол апаты 12 наурыз күні кешке болған. Апат салдарынан бес адам зардап шеккен, оның ішінде екі бала ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке қарай, қабылдау бөлімінде көз жұмған.
Оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.