Жаңаөзенде жаңа зауыт салынады

11 Сәуір, 04:18 3840

Жаңаөзен қаласында мұнай және газ өндірісіне қажетті тұрақты және ұзақ мерзімді пайдаланылатын тауарлар өндіретін зауыт бой көтереді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы 10 сәуір күні «Өзенмұнайгаз» АҚ өткен алғашқы комиссия отырысында белгілі болды.

Былтыр өңір басшысы Н.А.Ноғаевтың, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төрағасы Н.Жақыпов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ төрағасы М.Мырзағалиевтің қолдауымен сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне толықтырулар енгізілген болатын. Толықтыруға сәйкес, «ӨМГ» АҚ Жаңаөзен қаласының аумағында өндіріс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды өз міндетіне алған инвестормен бір көзден ұзақ мерзімге келісімшарт жасауы тиіс.

Осыған орай, «ҚазМұнайГаз» басқармасының шешімімен инвесторды іріктеу регламенті бекітіліп, оның негізінде «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Маңғыстау облысы әкімдігі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен құралған жұмыс тобы құрылды. Алдын-ала жарияланған хабарландыруға сәйкес, инвесторлардан келіп түскен өтінімдерді тиісті жұмыс тобы қарап, нәтижесінде Жаңаөзен қаласының аумағында жаңа өндіріс ошағын салатын инвестор анықталды.

Аталған зауытта 16 түрлі тауар өндірілмек. Қажетті тауарлардың тізбесі «ӨМГ» АҚ-ның 2025-2028 жылдарға арнап бекітілген бизнес-жоспары негізінде жасақталды.

Алдағы уақытта бой көтеретін зауыттың құрылысы мен қызмет ету кезеңінде жаңаөзендіктер үшін 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Жаңа өндіріс орындарының ашылуы компаниямыздың импортқа тәуелділігінен арылуына, қаланың дамуына, өңір экономикасының өркендеуіне, жергілікті және республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің ұлғаюына ықпал етпек. Жаңаөзен мұнайлы қаладан өндірістік қалаға айналатын сәт те келді. Біз мұнда жергілікті жастарға жұмыс ұсынатын инвесторларды тарту ісін жалғастыра береміз. Отандық кәсіпкерлерді Жаңаөзенге инвестиция құюға шақырамын, - деді «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Н.Қилыбай.

Зарина Арман
Бөлісу: