Жаңадан қабылданған заңдар Әділетті Қазақстанды құрудың негізі

5 Қараша 2022, 20:10 2441

Енді мұның барлығы іске асуы тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 заңға қол қойды. Бұл туралы заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдiрасылов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Заң ғылымдарының докторы ағымдағы жылдың 16 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын атап кетті дейді.

«Оны орындау мақсатында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жоба дайындалды. Нәтижесі ретінде бұл мәселе 5 маусым күні халық тарапынан қолдау тапты. Ендігі келесі кезең Конституциялық нормаларды жүзеге асыру», – деді профессор.

Ермек Әбдiрасылов заңға енгізілген соңғы өзгерістер Конституциялық реформаның бір кезеңі екендігін алға тартты.

«Соңғы мәліметтерге сәйкес, 15 кодекске, 50-ден астам заңға өзгерістер енгізілді. Ол Конституциялық реформаны жүзеге асырудың бір кезеңі десе болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға қол қойды. Жаңадан мемлекеттік орган – Конституциялық Сот құрылды. Адамның құқығын қорғау, прокуратура туралы заң қабылданды. Көптеген Конституциялық және Конституциялық емес заңдарға өзгеріс енгізілді. Енді мұның барлығы іске асуы тиіс. Ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күннен соң өз күшіне енеді. Ал кейбір заңдар 2023 жылдың 1 қаңтар күні жүзеге асады», – деді ол.

Профессор Президент қол қойған әр заңның маңызы зор деп отыр.

«Қол қойылған заңдарды біреуі біреуінен маңыздырақ деп бөліп-жара алмаймыз. Өйткені олар әр салаға арналған заңдар. Жер және оның қойнауы, су көздері, табиғи ресурстардың барлығы халыққа тиесілі. Оның пайдаланылуын іске асыратын – мемлекет. Бірақ мемлекет ең алдымен халықтың мүддесін ойлауы қажет», – деп айтты заң ғылымдарының докторы.

Оған қоса Ермек Әбдiрасылов қабылданған заң негізінде депутаттыққа ниет білдіруші кез келген қазақстандық азамат үміткер бола алады дейді.

«Сайлау туралы, мемлекеттік және жергілікті басқару заңына өзгерістер енгізілді. Енді тек пропорционалды ғана емес, мажоритарлық жүйе болады. Партияның мүшелерінен бөлек, Қазақстанның кез келген азаматы өзін депутаттыққа ұсына алады. Егер сайланған депутат халықтың мүддесін қорғамай, өз міндетін дұрыс атқармайтын болса, онда оны орнынан кері қайтаруға болады», – дейді ол.

Заң ғылымдарының докторы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына да тоқатала кетті.

«Конституциялық Сотқа» келер болсақ, бұған дейін оған ешкім жүгіне алмайтын болса, ал енді жаңа Заңға қол қойылғаннан кейін әр азамат Конституцияға қайшы келеді деген заңды жойылсын деп өтініш бере алады», – деді Ермек Әбдiрасылов.

 Профессор жаңадан қабылданған заңдар Әділетті Қазақстанды құруға септігін тигізеді деп отыр.

«Әр қабылданған заң Қазақстанның әлеуметтік, экономика, мәдениет жағынан өркендеуіне септігін тизгізеді деп ойлаймын. Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндігіміз артады», – деді ол.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: