Жаңабаевтар әулеті: түйе шаруашылығының чемпионы

22 Қазан 2022, 17:21 3019

Атырауда төрт ұрпаққа түйе шаруашылығы жалғасып келе жатқан Жаңабаевтар әулеті тұрады

Атырау облысында ата дәстүрді жалғастырып, төрт түлік мал ұстап, мал шаруашылығын жандандырып отырған Жаңабаевтар отбасы тұрады. Жаңабаевтар әулеті Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылындағы «Құрман» отбасылық шаруашылығына қожалық етеді. Жаңабаевтар әулеті еңбекқорлығымен, ұлағатымен, өнегесімен белгілі отбасы. Биыл Жаңабаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Атырау облысы бойынша жеңімпазы атанды.  

Жаңабаевтар әулетінің үлкені Аманғали Жаңабаев пен Іңкәр Қаленова 5 ұл, 2 қыз және немере-шөбере сүйіп отырған ардақты ата мен мерейлі әже.   

Төрт түліктің сырын жақсы білетін 70-тен асқан қария шаруаға әлі тың. 2007 жылы Жаңабаевтар отбасы мал шаруашылығын одан әрі өркендетіп, дамыту мақсатында «Құрман» шаруа қожалығын құрып, ұлы Құрманбек жетекшілік етіп келеді. Ата кәсіпті жалғастырып отырған әулет көпшілікке түйе шаруашылығымен белгілі.  

«Әкеміз Аманғали Отарбайұлы республикаға танымал осы саланың чемпионы. Анамыз Іңкәр Тәжікқызы түйе шаруашылығын бір адамдай меңгерген сауынша ретінде аты шықты», – деді әулеттің үлкен қызы Зада Жаңабаева.

Төрт ұрпақтан бері түйе баққан әулеттің үлкені Аманғали Жаңабаев ата кәсіпті балалары мен немересіне аманаттап, малдың қолын арттыру, төлін өсіру, жайылым таңдау және тағы басқа шаруашылыққа қажетті жмыстарды үйретті. Републикаға еңбек адамы ретінде танылып отыр.  

Аманғали ақсақал кезінде кеңшарда аға шопан, аға түйеші қызметтерін үздік атқарып, бірнеше рет Қызылқоға ауданының чемпион түйешісі атанды.  

Жаңабаевтар әулетін көпшілік түйе шаруашылығымен байланыстырып жатады. Дегенмен, отбасы мүшелерінің әр қайсы жеке-жеке саланың мамандары.

Үлкен қызы Зада география пәнінің мұғалімі,  жоғары санатты педагог-зерттеуші, мектеп директоры, ұлы  Думанбек  әке кәсібін жалғастырып, түйе шаруашылығын өркендетуде. Ортаншы ұлы Құрманбек  «Құрман» шаруа қожалығының төрағасы, кеңже қызы Жанар жоғары санатты дәрігер- кардиолог. Серігі болса  Атырау облыс прокурорының көмекшісі, егіз ұлдары Есен, Темір мал шаруашылығы саласында еңбек етуде. Бүгінде барлығы бір-бір шаңырақтың иесі. Ата кәсібін жалғастыруда алдына  мақсат қойған немерелері де баршылық.

Жаңабаевтар әулеті жылдар бойғы еңбегімен, мал шаруашылығына қосқан үлесі үшін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауның жеңімпазы атанды. Бүгінде республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атану мақсат етуде.

«Байқауға қатысуға ауылдық округ әкімдігі мен аудандық әкімдік ұсыныс айтты.  Байқау талаптарына сәйкес, әулетіміздің барлық мүшесі қатысты.Отбасылық жиындарда жиі бас қоса бермейтініміз рас, дегенмен осы жолы  төрт көзіміз түгел болып, ата-анамыз бір марқайып қалды. Отбасылық ұстанымымыз: қазақы дәстүрімізді   жас ұрпақтың  бойына дарыту, ешкімге қиянат жасамау, түзу жолдан таймай дұрыс  тұлға болып қалыптасу», – деді Зада Жаңабаева.

Бірлігі бекем елдің еңсесі биік болатыны секілді отбасындағы ауызбіршіліктің де ұрпақ сабақтастығында атқаратын рөлі зор. Сондықтан Амағали атамыз бен Іңкәр апамыз балаларын жастайынан еңбексүйгштікке, кішіпейімділікке, қарапайымдылыққа, адалдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеп, осы қасиетті немере-шөберелерінің бойына да сіңіріп келеді.  

 

Миражан Махан
Бөлісу: