Жаңа жылда қандай тосын сый жасауға болады?

1 Қаңтар 2017, 11:27 11761

Жақындарыңызды қуантыңыз!

Жаңа жыл қарсаңында жақындарыңызға бағасы арзан, бірақ, ерекше сыйлық жасағыңыз келсе, төмендегі кеңестерді оқып шығыңыз.

Сүйікті әуендер

Музыка – адамның көңіл-күйі. Әуендер адамның жүрегін қозғайды, белгілі бір кезбен байланысты ыстық естеліктерді көз алдына әкеледі. Біреу бір әнді тыңдағанда, студенттік шағын еске алады, енді біреуі сүйіктісімен танысқан сәтін еске түсіреді. Сондықтан, жақыныңызға жып-жылы естелік сыйлағыңыз келсе, оның сүйікті әуендерін арнайы үнтабаққа жазып, тарту етіңіз. Үнтабақтың сыртын әдемілеп қаптауды да ұмытпаңыз. Осылайша, сіз жақсы көретін адамыңызға үнтабақ қана емес, ғажайып естеліктер сыйлайсыз.

Бірге уақыт өткізу

Иә, бұл сыйлық тым қарабайыр көрінуі мүмкін. Десе де, туыстарыңыз үшін ең басты сыйлық – өзіңіз. Қалтаңызда артық қаражат болмаса, жақындарыңызға арнайы бір күніңізді арнаңыз. Бұл күні сіз оларға үй шаруасында көмектесіп, тәтті тағам пісіріп, бірге фильм қараңыз. Бастысы, өзіңіздің оларға деген шексіз махаббатыңыз бен ілтипатыңызды көрсетіңіз.

Жыр арнау

Бала күнінде өлең жазбаған адам аз шығар? Сіздің сол бір әдемі кездерді еске түсіріп, балалық шаққа бір оралып әрі жақын-жуығыңызға ерекше сый жасайтын мүмкіндігіңіз бар. Өзіңізге қымбат жанның көңілін көтеру үшін оған деген ыстық ықыласыңызды, тілегіңізді өлең жолдарымен жеткізсеңіз болады. Сіз Абай не Мұқағали емессіз. Сондықтан, ұйқас, буын мәселесінде қандай да бір қателік кетіп жатса, оған жақындарыңыз көз жұма қарайды. Себебі, бұл жерде ең бастысы, ең аяулысы – сіздің кіршіксіз көңіліңіз бен талпынысыңыз.

Кешкі ас

Жақындарыңызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін сіздің бесаспап аспаз болуыңыз міндетті емес. Шын ниетпен дайындалған тағамның қай-қайсысы да дәмді шығады. Өзіңіз қалаған тамақты пісіріп, оның жанына әдемі құттықтау хатын қойсаңыз болады. Жарықты сөндіріп, романтикалық кешкі ас ұйымдастырсаңыз да, тіпті қатып кетеді.

Фотоальбом  

Күн өткен сайын фотоальбомға сурет жинайтын адамдардың қатары азайып барады. Сондықтан, досыңыздың ең күлкілі деген суреттерін шығартып, оларды бір альбомға салып, сыйласаңыз, ерекше тарту болары анық.

Сурет салу

Егер, сіздің сурет салатын өнеріңіз болса, өз қолыңыздан шыққан картинаны тарту етіңіз. Бейнелеу өнерінен мүлдем алшақ адам болсаңыз, суретшілерге тапсырыс беріп, сүйікті адамыңыздың ұнататын картинасын не портретін салдыруға болады.

Жылдың ең ыстық естеліктері

Егер, сіздің досыңыз «инстаграмда» тіркелген болса, оның жеке парақшасындағы өткен жылдың ең әдемі естеліктерін жинап, әртүрлі формада басып шығарта аласыз. Суреттің бірін арнайы жақтауға салып, енді бірінен ашықхат жасаңыз. Сондай-ақ, көптеген суреттерді қосып, одан үлкен бір панно дайындауға болатынын да естен шығармаңыз!

(Суреттер ғаламтордан алынды).

Бөлісу: