Жаңа жылға қалай дайындалу керек

21 Желтоқсан 2023, 18:00 4302

Жаңа күнді, жаңа аптаны, жаңа айды өзгеру үшін күтетіндер баршылық. Өміріне өзгеріс енгізу үшін жаңа жылдың келуін асыға күтіп жүргендер де жетерлік. Күнтізбедегі датаның ауысуы жоспарларды жүйелеп, жаңа қадамдар жасауға таптырмас мүмкіндік деп есептейміз. Ендеше, 2024 жылдың келуіне 10 күн қалғанда нені істеп үлгеру керек екенін еске салайық.

Жаңа жыл – әр адам өзіне есеп беріп, жаңа қадамдарға жоспар құратын уақыт. 2024 жыл сәтті басталуы үшін аяқсыз қалған істерді жүзеге асырып, сізге кедергі келтіретін нәрселерден бас тарту маңызды. Мұндай рәсімдер сіздің өміріңізге сәттілік пен оң өзгеріс әкелері сөзсіз. Осы тізімді орындауды қазірден бастаңыз, өйткені мерекеге санаулы күндер қалды!

Қарызыңыздан құтылыңыз

Жылды «Қарызымды қашан қайтарасың», - деген сұрақпен бастауға болмайды. Мүмкін болса, желтоқсанның соңына дейін қарыздарыңыздың бәрін қайтарыңыз. Әрине, мұндай мерзімде ипотека немесе автокөлік несиесін өтеу екіталай. Бұл жағдайда, кем дегенде, қарызыңыздың жартысынан құтылуға тырысыңыз. Жаңа жылда қарыз алмаудың амалын жасаңыз.

Бір жылға жоспар құрыңыз

Күнделікке бір жылдық арман-мақсаттарыңызды жазып, жоспар құрыңыз. Жүйелі жоспар мен стратегия сізді көптеген жетістікке жеткізеді. Жеке өміріңіз, денсаулығыңыз, жұмыстағы жоспарларды саралап, әр қадамыңызды жазған дұрыс. Психологиялық тұрғыдан да өзіңізге есеп беріп, ренжіткен әрбір адамнан кешірім сұрап, өзіңізді кешіріңіз.

Демалысыңызды жоспарлаңыз

Жаңа жылдық демалыс кезінде Түркия, Дубай, Египетке аз уақытқа барып қайтуға болады. Сондай-ақ еліміздің табиғаты әсем аймақтары Бурабай, Қатон-Қарағайға және Алматы мен Ақтау секілді қалалар да туристер үшін сұранысқа ие. Билеттерді алдын ала сатып алуды ұмытпаңыз. Біріншіден, жаңа жылдық мерекелер кезінде билеттер мен қонақ үйлердің бағасы бірнеше есе артады. Екіншіден, мерекелік қарбаласта кеш қалмаудың амалын іздеген жөн.

Сыйлықтар сатып алыңыз

Мереке қарсаңында жақындарыңызды сыйлықпен қуантыңыз. Отбасыңыз бен достарыңызға жаңа жылдық жеңілдіктерді пайдаланып, ерекше сый алуға болады.

Гардеробыңызды жаңартыңыз

Жаңа жылды жаңа киіммен қарсы алған дұрыс. Сонда жыл табысты болады. Өзіңізге жаңа костюм, аяқ киім немесе аксессуар сатып алыңыз - мерекелік көңіл-күйге кепілдік беріледі.

Тазалық

Үйдегі артық заттардан арылып, жаңа дүниеге орын босатыңыз. Пәтердің әр бұрышына дейін тазалық орнатып, әрбір заттың өз орнында тұрғанын қадағалаңыз. Сондай-ақ жұмыс үстеліңізді де реттеген артық етпейді. Ал әлеуметтік желі, телефондағы тазалықты міндетті түрде жүргізу керек. Жаңа жыл кезінде желіден біраз детокс алып, миды тынықтыру да керек.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: