Жаңа жылда әрбіріміз орындау керек 5 тапсырма

26 Желтоқсан 2023, 15:15 4719

Жаңа жыл үміт пен сенімге толы уақыттың бастауы. Осы жыл жетпеген жетістігімізді, жасамаған істерімізді келер жылы орындауға тиіспіз.

Сонымен, есікті енді қаққалы жатқан Жаңа жылда қандай істі міндетті түрде істеуге тиіспіз:

 

  1. Өзіңізге нақты не керегін анықтаңыз

Мына сұрақтарға шын жауап беріп көріңізші: сіз қазіргі орныңызда өзіңізді бақытты сезінесіз бе? Өзіңізге ұнайтын іспен айналысып жүрсіз бе? Қазіргі күніңіз өзіңіздің көңіліңізден шықпаса, «біреумен салыстырғанда менің осы күнім жақсырақ» деп өзіңізге басу айтуды қойыңыз. Бұл өмірдің қағидасы өзіңнен ілгері адамға ұмтылу.  Көңіліңізге жағатын шаруамен айналысуға не кедергі? Егер өз іңізді тапсаңыз сізге бақыттың да, байлықтың да жолы ашылатынына сенеміз. Жаңа жылда өзіңізге есеп беріп, не қажеттігін анықтайтын уақыт келген сыңайлы.

 

  1. Мақсат қойыңыз және соны қалайда орындауға тырысыңыз

Мақсат бар жерде жоспар бар. Абстарктылы мақсаттардан аулақ болыңыз. Біздің түйсігіміз, миымыз нақты шешімдерді, нақты мақсаттарды жақсы көреді. Ал анық емес арман сізді жыл бойы алдап келуі мүмкін. Жақсы мақсатты әрдайым орындауға болады. Мәселен, осы жылы бес келі салмақ тастауды орындай алмай кетсеңіз, мақсат қойылмағандықтан жетістікке жеткен жоқсыз деген сөз. Нақты мақсатта нақты қадамдар бар. Үлкен мақсаттарды кезеңмен бөліп қарастыруға болады. Біздің миымыз жоспарды жақсы көреді. Тек біз соны нақтылай алмай, ісімізді қиындатамыз. Әрбір адамда мақсат бар, Жаңа жыл сол мақсатты алдыңызға шығарып, орындауға мүмкіндік туып тұр. Жіберіп алмаңыз.

 

  1. Артық нәрселерден арылыңыз

Артық нәрселер пайда әкелген емес. Біздің ресурсымыз, энергиямыз, уақытымыз, ақшамыз шексіз емес екенін естен шығармаңыз. Артық нәрселер ілгерідегілерден бөлек, денсаулығыңызға да зиянын тигізуі мүмкін. Өмірді жеңілдету өз қолымызда. Біз өз тағдырымызды жасаушымыз, әркез таңдау жасауға, оны орындауға шама-шарқымыз жетеді. Ендеше, өзіңіз артық деп жүрген ісіңізді, дүниеңізді, әдеттеріңізді тізімге алып шығыңыз да, сонымен күресіңіз.

 

  1. Жаңа білімді үйренуден қорықпаңыз

Көптеген адам өзінің үйреншікті күнделікті ісінен бас тарта алмайды. Немесе жаңа нәрсеге көшуге қорқақтайды. Адамның миы жаңаның бәрін қауіп санайтыны рас. Өміріміз шектеулі екенін ұмытпайық, дәл осылай ескімен елеңдеп жүргенде, соңғы қоңырауымыз соғылмасына кім кепіл. Үйреншікті ісіңіз өзіңізге бақыт, байлық әкеліп жатса бір сәрі. Ал егер уақытыңызды ұрлап, энегияңызды тауысып жатса, ойлану керек.

 

  1. Бұрын соңды жасап көрмеген ісіңізді бастаңыз

Біздің күніміздің 90 % күнделікті қайталанатын немесе ешқандай эмоцияға әсер етпейтін дүниелермен айналысумен өтеді. Шекара мен комфорттан шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтін батыл қадам. Десе де, жоғарыда әрбір адамда таңдау бар екенін айттық. Күнделікті бірқалыпты ісіңізді батпақ десек, ол сізді күн санап өзіне тарта береді. Осы жерде мынандай ой тууы мүмкін: тұрақтылық барда өзгерістті қайтпекпін? Дегредацияның бастауы да осы тұс деп ұғыңыз. Сол себепті, жаңа жылды бұрын тек ой түкпірінде қалған ісіңізді қолға алатын уақыт деп біліңіз.

Бүл тізім өзгерістерді қалайтын,  жетістікке ұмтылған, жаңа нәрселерден қорықпайтындар үшін жасалды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: