Жаңа заң дәрі-дәрмектің заңсыз айналымына тосқауыл қояды – Нұрсұлу Аманбекқызы

29 Маусым, 22:42 752

Елімізде 1 шілдеден бастап тауарларды қадағалау үшін таңбалауды енгізу процесін Еуразиялық экономикалық одақпен сәйкестендіру мақсатында таңбалау туралы заң қолданысқа енеді. 2019 жылы қабылданған «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңын орындау шеңберінде дәрілік заттарды таңбалау және қадағалауды жүзеге асырылады. Бұл цифрлық таңбалау мен қадағалаудың негізгі мақсаты - көлеңкелі нарықты жою, дәрі-дәрмектердің қайта айналымы мен контрафактінің алдын алу, адал бизнес үшін жағдай жасау, өндірілетін және әкелінетін өнімнің сапасын арттыру, салықтар түрінде бюджетке кірістердің жиналуын арттыруға бағытталған. Осы орайда Маңғыстау облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментінің басшысы Нұрсұлу Аманбекқызы El.kz ақпарат агенттігіне арнайы сұхбат берген болатын.

El.kz: Қазіргі уақытта Үкімет деңгейінде қолға алынған дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау бағытында Маңғыстау облысында қандай кешенді шаралар атқарылып жатыр?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Қазақстанда тауарларды қадағалау үшін таңбалауды енгізу процесін Еуразиялық экономикалық одақпен сәйкестендіру мақсатында, таңбалау туралы Келісім, 2019 жылы қабылданған болатын. Соның ішінде дәрілік заттарды қадағалау және таңбалау 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Қазір жеке кәсіпкерлер фармацевтика саласында Маңғыстау облысында 99 пайызына ие болып отыр. Олар жеке дәріханалар мен қоймалар ретінде тіркелген. Сол үшін медициналық мекемелер өз алдына бөлек шаралар өткізеді. Бұл заң бізге не береді? Неге заң енді ғана күшіне енгелі жатыр? Ең бірінші мақсаты - елімізге енгізілмеген дәрілердің сатылуына жол бермеу, контрафактіге жол бермеу, көлеңкелі нарықтың жолын кесу, дәрілердің шектеу бағасының көтерілмеуінің алдын алу. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпті адал жүргізуге бағыттау. Медициналық ұйымдар көп. Заңды күшіне енгізу арқылы науқастарға тегін берілетін дәрілерді жеке дәріханаларда сатылуының жолына тосқауыл боламыз. Себебі, бүгінде тегін берілетін дәрілер сатылымға шығып кеткен. Сол медициналық мекемелер сыртқа кетіп жатыр. Осыған жол бермеу үшін таңбалау мен қадағалау заңы қолданысқа енеді. Бүгінде ақпараттық тұрғыда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға сапалы дәрі алуға мүмкіндік жасауға сеп боламыз.

El.kz: Тұрғындар арасында дәрілердің бағасы белгілі сомадан тым қымбат екені айтылып жатады...

Нұрсұлу Аманбекқызы: Кез келген тұрғынның қолында смартфон бар. Олар Dari.kz мобильдік қосымшасы арқылы дәрінің шектеу бағасын анықтай алады. Егер шектеу бағасынан жоғары болса, шағым түсіретін арнайы бөлімі бар. Сол жерге шағым түсірген жағдайда бақылауға біздің тарапан тікелей бақылау алынады және де әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Егер де дәріханадағы алғашқы жағдай болса, әуелі айыппұл салынады. Қайталанса, 426-бапқа сәйкес, іс материалдары сот қа жіберіліп, лицензиясын тоқтатуға мәжбүр боламыз. Соңғы кездері Маңғыстау облысында 3 дәріхананың лицензиясы 1-6 ай аралығына дейін шектеу арқылы тоқтатылды.

El.kz: Тұрғындар өңірде дәрілердің басқа облыстармен салыстырғанда айтарлықтай қымбат екенін айтып жатады. Осы жағдайды бақылау қалай жүріп жатыр?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Бұл да заң бұзушылықтың бір дерегі болып саналады. Қазақстан Республикасында сертификатталған тек 7 мыңға жуық дәрі бар. Соның ішінде 80 пайызы рецеппен берілуге тиісті. Өкінішке қарай, бұл жерде дәрігердің тарапынан рецепт берілуі керек. Дәрігер өзінің тағайындаған дәрі-дәрмегі міндетті түрде бекітілген рецепт бланкісі бар қағазға жазып беруі тиіс. Жалпы, пациенттің өзіне керекті мөлшердегі дәріні сатып алу оны артығымен сатып алуға жол бермейді. Екіншіден, қандай мөлшерде қабылдауы керектігі де айтылуы керек. Себебі, науқас өзіне зиян келтірмеуі үшін бұл аса маңызды. Мысалы, Маңғыстау облысында әлі де рецепсіз сатылып жатқан деректер көп кездеседі. Дәрігерлер тарапынан дұрыс жазбаудың бәрі заң бұзушылыққа жатады. Ақтау қаласында өте ірі кәсіпкерлер дәріханалар ашып жатыр. Дұрыс жазылмаған рецептің бланкілері арқылы біз денсаулық сақтау басқармасы тарапынан сол дәрігер еңбек ететін мекемеге шара қолданып, өкілетті орындарға жолдап отырамыз.

El.kz: Бізде көптеген дәрілер рецептісіз сатылып жатады? Мұны реттеу қандай деңгейде жүріп жатыр?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Бұл да аса өзекті мәселелердің бірі. Өткен жылы наурыз айында құрамында трамодол бар дәріні есірткі қатарына қосты. Қазір бұл дәрі тектен тек берілмейді. Маңғыстау облысында рецептпен берілетін бір ғана дәріхана қаладағы 5-шағын ауданда жұмыс істеп тұр. Себебі, оның арнайы рұқсаты бар. Екіншіден, бұл дәріні науқасқа медициналық ұйымдар береді. Oсы жылдың өзінде бірнеше дәріханаларда заң бұзушылық анықталып, полиция мен біздің департамент тарапынан заң бұзушылық дерегін анықтап, айыппұл салынды. Сот шешімі бойынша бір дәріхана жұмысын тоқтатты. Себебі, бұл дәріні алатын адамдар есіртке пайдаланатындар әсерін күшейту үшін қолданады. Бірақ қарап отырсақ, бұл жай ғана көзге тамызатын дәрі. Ақтау қаласында дәрілер сақталатын 4 ірі қойма бар. Мысалы, жеке дәріханалар солардан өнім алады. Көп мөлшерде дәрі алған жағдайда күмән тудырады. Соларды міндетті түрде біз бақылап отырамыз. Барлық мекемелерден ай сайын есебін алып, қанша рецепт жазылғанына дейін сұралады.

El.kz: Қазір витаминдер, әртүрлі Қытай, Корейдің арықтататын өнімдері танымал болып жатыр. Әрі мұндай компаниялар бұл заттарды дәрілік өнім емес екеніне сендіріп, нарықта емін еркін сатып жүр. Ал мұның зияны айтарлықтай ауыр болуы мүмкін. Осы орайда облыстағы ахуалды айтып өтсеңіз? Мысалы, осыларды ішіп маңғыстаулық тұрғынның ажалдан әрең қалғанын білмейтін адам кемде кем шығар…

Нұрсұлу Аманбекқызы: Біріншіден, көп дәрілер біздің елге Түркия мен Қытайдан келеді. Олар дәріханада сатылмайды. Белсенді биологиялық заттар ретінде саналып, азық-түлік дүкендерінде сатылып жатыр. Сондықтан оның барлығын бақылау департамент құзырына кіреді және үнемі қадағаланып отырады. Егер екпе түрінде болса, дәрілік затқа жатады. Яғни ол біздің құзыретімізге кіреді. Сондықтан дәрілерді  тек дәрігердің нұсқауымен ішкен дұрыс.

El.kz: Әлеуметтік желіде медицинаға қатысы жоқ белгілі адамдар түрлі дәрілерді жарналамалап отыр. Бұларды пайдалану қаншалықты қауіпсіз?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Заң алдында әркім өзі жауап береді. Бұлардың зиянын әркезде ешкім байқай бермейді. Қоғамда біреу осындай өнімдерден зардап шеккенде ғана әрекет болатыны жасырын емес. Оған дейін ешкім оны байқамайды. Барлығы зиянды я күмәнде деп айтуға болмайды. Себебі, биологиялық белсенді өнімдер шығаратын фармацевтикалық компаниялар бар. Олардың тиіс стандартқа сай инспекиция бақылауынан өтеді. Елімізде сертификатталған болса, онда ешқандай мәселе жоқ. Көптеген танымал адамдар жарнамалайтын өнімдердің сыртындағы жаузын алып оқығанда Қазақстан тіркелгеніне көз жетеді. Егер оның сыртында қазақ және орыс тілінде жазылған жазуы болмаса, Қазақстанда тіркелмеген өнім деп саналады. Көбінесе, бізге Қытай мен Түркиядан келетін дәрілердің қорабының сыртында тым құрығанда мерзіміне қатысты қазақ жазуы болмаса, ол сатылымға тыйым салынған өнім. Кейбір телеарналарда елімізде дайындалған дәрілер жиі жарнамаланады. Оларға заң бойынша рұқсат берілген. Тиісті лицензияны беру арқылы олардың ешқандай да қаупі жоғына кепілдік беріледі.

El.kz: Қыздар арасында әртүрлі медициналық оталар кең таралды. Осы орайда тұрғындар медициналық мекеме таңдағанда неге назар аударуы тиіс?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Елімізден бөлек, Ақтаудың өзінде мұндай орталықтар көбейгені байқалады. Біздің департамент лицензия беретін мекеме. Оның кез келген адам келіп ала бермейді. Орналасқан орнына қатысты да талабы бар. Әлеуметтік желіде байқағанымыз, кез келген пластикалық оталар жасайтын орталықтарда біздің тәжірибелі гинекологтарымыз бара бермейтін отаны жасаймыз деген жап-жас мамандар шығып жатады. Олардың мекенжайын анықтап, қай жерде жұмыс істейтінін білеміз. Тізбегін жасап, олардың барлығын департаментке жібереміз. Соның өзінде заңсыз жарнамаға қатысты бірнеше айыппұлдар салынды. Себебі, медициналық кабинетте отырып жарнама жасаған блогер анықталды. Тексеру барысында оның салаға мүлдем қатысы жоғы анықталып, оқырман жинау үшін осындай қадамға барғаны белгілі болды. Бұл заңсыз әрекет болып саналады. Лицензиясы мен сертификаты жоқ маман балаларға көмек көрсетіп отырған мамандар да анықталды. Олар Қытайда оқып келіп, тіркеуден өтпеген. Полиция департаментіне ұсыну арқылы оларға айыппұл салып, заңсыз ашылған орталықтың жабылуына нұсқама берілді. Пластикалық ота жасауда мамандандырылған пластикалық орталықтардың қызметіне жүгінген жөн. Ақтауда «Софимед», «Нейрон» секілді клиникалар бар. Ақтауда көп қабатты үйлердің жертөлесінде осындай орталықтар ашып, ота жасайтындар бар. Талап бойынша мұндай орталықты ашқанда жертөледегі нысанда жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді. Талап бойынша стоматология, хирургия, процедуралық кабинеттер төменгі қабатта болмауы тиіс. Шұғыл көмек көрсететін жағдай болғанда бұл орындар өте қатты қиындық тудырады. Сондықтан, министрліктің ережесі бойынша тек дәріханаларға жертөледен орын алуға рұқсат етілген. Өкінішке қарай, біздің жастар осындай орталықтардың көмегіне жүгініп жүр. Тіпті, кезекке бірнеше күн бұрын тізім арқылы жазылады. Олармен тұтынушы ретінде сөйлесіп көрдім. «Ақшасын алдын ала төлеңіз» дейді. Соның өзі үлкен күмән тудырады.

El.kz: Диабет бойынша тіркелгендерге қандай тиісті дәрілер тегін беріледі?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Тегін бірелетін дәрі-дәрмекке қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар. Олар емхана деңгейінде диспансерлік есепте тұрған науқастарға, оның ішінде қант диабеті, артериялдық гипертония, қан тамырлары, созылмалы аурулар болса үш ай мерзіміне дейін нарқастарға тегін дәріні бере алады. Әр ай сайын келіп жүрмес үшін тиісті дәріні мөлшерімен ақысыз ұсынады. Дәрінің сыртында тегін деген мөр болады. Егер тегін деген жазуы болмаса, оның дәріханаға кетіп қалуына ешкім кепілдік бермейді. Науқас шетелде басқа дәрі беріп еді десе, дәрігер мен емханадан талап ету дұрыс емес. Себебі, елімізде тіркелген, формулярға бұйрықпен енгізілген дәрі ғана тегін беріледі. Айта кететін жайт, бұл өнімдер тек ел азаматтарына ғана ұсынылады.

El.kz: Ақтау қаласы бойынша жекеменшік қанша дәріхана бар?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Ақтауда ресми лицензия алған 526 дәріхана бар. Бүгінгі таңда нақты қызмет етіп отырғаны тек 322 дәріхана. Оның ішінде  20 дәріханасы кәсіпкер бар. Бір ана дәріханамен отырған жеке кәсіпкерлер жеткілікті. Таңбалау, қадағалау міндетті түрде қанша нысан болса да барлығы енгізу міндетті. Оларға тіркеу жұмыстарына қатысты түсіндірме жұмыстары жалғасып жатыр. Кәсіпкерлер тарапынан «бізге қажеті қанша? Біздің кәсібімізге кедергі келтіріп жатырсыздар» деген уәж де айтылды. Шыны керек, қазір дәріхана азық-түлік болып бара жатқандай. Біз сол мәртебесін сақтау керекпіз. Түпкі мақсат, науқасқа сапалы дәрі жеткізу. Ол дәрінің өндірісі қай жерде орналасқан? Бұлар мүмкін талапқа сай емес жерде жасалмады ма? Таңбалау енгізілген кезде кез келген тұтынушы сатып алған дәріні өзінің смартфоны арқылы мобильдік қосымша арқылы біле алады. Логисика арқылы Маңғыстау қалай жетті, оның сақталу режимі сақталды ма? Бүгінгі таңда шектеу бағасын асырмады ма? Осының барлығын біліп отыруға мүмкіндік бар.  Біз сөзбен айтқанда, жаңа Заң негізінде денсаулық сақтау саласын сандық технологияға өткізеді.

El.kz: Сандық технологияға өтуге өңірдің дәріханалары дайын ба?

Нұрсұлу Аманбекқызы: Біздің өңірдегі дәріханалардың 80 пайызы осыған дайынбыз деп отыр. Ары қарай енгізу үшін заң күшіне енгеннен кейін жүзеге асады. Қазіргі уақытта 47 пайызға дейін Қазақстанда сертификаттаудан өтпеген дәрілер сатылымда бар. Өздері әкеліп сатып жатыр. Оған өздері шетелден тапсырыс береді. Кедендегілер Ираннан көптеген дәрі келетінін айтады. Мысалы, іш ауруының дәрісінің қорабына басқа дәрі кездесетін жайттар кездеседі. Егер қорап сыртында қазақша жазуы болмаса. бұл контрафакті болып саналады. Қазір кеден, полиция департаменті қатаң бақылауға алып отыр. Теміржол, жүк көлігі, поштамен де дәрілер елімізге келіп жатыр. Соған жол бермеу үшін қадағалау мен таңбалауға заң көмектеседі. Заң күшіне енгенде құзырлы органдар да заң аясында тексере алады. Бұл орайда адал жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер жұмысын ары қарай жалғастыра береді. Ал талапқа сай келмегендері кәсібін тоқтатады. Таңбалау енгізіледі дегелі бері жиырмаға жуық дәріхана өз еркімен жұмысын тоқтатты.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Перизат Саденова
Бөлісу: