Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Кизатов Қазақстанда алаяқтар алдап рәсімдеген несиелерді кешіруге мүмкіндік беретін жаңа заң туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттііг Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Бүгін Мәжіліс депутаттары қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
Қазіргі заңда несие тек сот арқылы ғана кешіріледі. Бұл көп адам үшін күрделі әрі ұзақ процесс. Сондықтан жаңа заң жобасында сотқа дейін-ақ кейбір несиелерді кешіруге мүмкіндік беретін өзгерістер ұсынылды.
Негізгі өзгерістер мынадай: Алғашқы несие алғанда клиент банкке немесе МҚҰ-ға өзі келуі тиіс. Егер басқа адам келіп несие рәсімдесе — ол несие жарамсыз болып саналады. Адам несие алғаннан кейін бір тәулік ішінде ойынан айнып, одан бас тарта алады. Әлеуметтік осал топтар үшін қосымша келісім талап етіледі. Егер осы талаптар бұзылса, банк немесе микроқаржы ұйымы мұндай несиені сотқа жеткізбей-ақ жоюы тиіс.
Ал сот арқылы кешіру мынадай жағдайларда қолданылады: Биометриялық сәйкестендіру дұрыс жүргізілмесе (мысалы, бет-әлпетті, саусақ ізін анықтау тәртібі бұзылса); Алаяқтықты анықтайтын жүйелердің талаптары орындалмаса; Клиенттің жеке мәліметтері заңсыз пайдаланылса.
Міне, осындай заң бұзушылықтар дәлелденсе, банк немесе МҚҰ несиені кешіруге міндетті болады.
Олжас Кизатовтың айтуынша, бұл заң өзгерістері алаяқтардың құрбаны болған азаматтарға несиеден құтылуға нақты мүмкіндік береді.