Жаңа Қазақстанды жылтырақ сөзбен құра алмаймыз - Абзал Құспан

14 Маусым 2023, 12:50 759

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жылдық пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Жаңа Қазақстан» сөз тіркесі трендке айналып, халық арасында жаппай қолданысқа еніп кетті. Алайда Жаңа Қазақстанды жылтырақ сөзбен жаңғыртып, құра алмаймыз. Бұл – анық. Оған нақты іс керек, шұғыл халықшыл шешімді талап етеді, - деді депутат.

Абзал Құспан инфляция, баға деңгейі, экономикалық өсу қарқыны, ұлттық табыс, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) және жұмыссыздықтың өзгеруін қамтитын макроэкономиканы жандандыру маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, озық елдердің тәжірибесіне қарасақ, шағын және орта бизнестің дамуында банк саласы серпін беретінін көруге болады. Яғни екінші деңгейлі банктер елдің дамуында шешуші рөл атқарады.

take-profit.org биржалық порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпаратты табуға болады. Дерек көздерінде Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75 % (2023 жылдың сәуір айы) екені көрсетілген. Бұл – 159 елдің ішінде 143 орыннан көрінуге септігі тиді.

Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германия, – 3.75%, Англияда – 4,25%, Канада – 4,5%, АҚШ-та 5,25% пайыз деңгейінде белгіленген. Шетелдердегі қаржылық институттар шағын және орта бизнестің дамуына мүдделік танытып, бизнес жобаларды көптеп қаржыландырып жатады.

Енді өзімізбен деңгейлес посткеңестік елдерге келетін болсақ, Өзбекістан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14% пайыз құраса, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда 9% пайыз деңгейінде. Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері 0,25% пайызды құраса, Камбоджада 0,88% пайыз екен. Сонда жерінің асты байлыққа тұңған Қазақстан халқы кредитті 16,75% пайыз мөлшерінде неге алады? Бұған не себеп?, - деді Абзал Құспан.

Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғады. Олай болса, елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз.

2023 жылдың 19 сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсуін көріп отырмыз деп сынған еді. Әрине, бұған Үкіметпен бірге екінші деңгейлі банктер де жауапты екені анық.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, ВТБ Банк пен «Bereke bank» АҚ жылдық пайыздық ставкасы 21,5% пайызды құрайды.

«Банк ЦентрКредит» АҚ – 23,6% пайыз, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7% пайызды, «Kaspi bank» АҚ – 24,4% пайыз, Home credit bank» АҚ 28,5% пайыз көлемінде кредит береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеған жағдайда банктке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз, халықты қанаумен тең ғой!, - деді Абзал Құспан.

Мәжілісмен Ұлттық банк жылына 56% пайыздан аспауы керек деген шектеу халықшыл шешім емес екенін айтты. Бұл – халықты тығырыққа тірейтін шешім дейді.

Соның салдарынан ипотекалық және автокредиттер 25% пайызға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредит 56% пайызға дейін көтеріп, халықтың белшесінен қарызға батырып отыр.

Ел арасында мемлекет кредитті кешіреді екен деген әңгіме желдей есіп жүр. Неге? Өйткені кредитін төлей алмай отырған адамдар көп. Тағы да ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенетін болсақ, 2020 жылы 392 мың адам 90 күннен аса уақытта кредитін төлемесе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 421 мың адамға жетті. 2022 жылы 534 мың адам уақытылы кредитін өтей алмағаны белгілі. Ал, Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-ның 2023 жылдың сәуір айында жүргізген статистикаға сай, 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77% пайызын құрайды. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төлеген. Ал осы жылдың 1-ші сәуіріндегі мәлімет Қазақстандықтардың несиелері 30% пайызға-7.7 трлн. теңгеге өскен. Яғни 822 мың адам қарызданушылар. Бұл ойлантатын мәселе, - дейді депутат Абзал Құспан.

Депутат қазір қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқан екі факторды атап өтті. Оның біріншісі, қымбатшылық, екіншісі, жоғары пайыздық мөлшердегі несие.

Тек туризм саласына иек артатын Фиджидегідей төмен пайыздық мөлшерде кредит берілетін болсақ, халықтың әлеуметтік деңгейі көтерілетін еді. Қазақстанда 7,1 миллион адам кредитпен күн кешуде. Яғни халықтың 36% пайызы екінші деңгейлі банктердің акционерлерін байытып отырғаны белгілі.

Біз әлем елдерінің қаржылық, экономикалық мүмкіндіктерін зерделеп, Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшерін (базалық ставканы) төмендетуді ұсынамыз, - деді ол.

Айналып келгенде, бұл – халықтың тұрмыстық жағдайын оңалтудың нақты қадамы болар еді.

 Құрметті Әлихан Асханұлы, осы айтылған мәселені Үкімет тарапынан тиісті бағдарламарды дайындап, жаңа жобаларды жасау қажет, шағын және орта кәсіпкерлікке мүмкіндіктерді беруіміз қажет және жылдық пайыздық мөлшерлемені (базалық ставканы) төмендетудің шешу жолдарын қарастыруды ұсынамын, - деді мәжілісмен.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: