«Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» республикалық экологиялық акциясы өтті

22 Қазан 2023, 05:27 1015

Республика күні мерекесі аясында Қазақстанның барлық өңірлерінде "Жаңа Қазақстан. Таза табиғат" атты экологиялық акция өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл күні барлық өңірлердің азаматтары еліміздің экологиясын жақсартуға үлес қосу үшін жалпыға бірдей республикалық сенбілікке шықты. Мұндай іс-шаралар азаматтық белсенділіктің, бірліктің және қоршаған ортаны жақсартуға деген жалпы ұмтылыстың жарқын көрсеткіші болып саналады.

Бүгін сенбілікке 270 мыңнан астам адам қатысты. Елордада Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің эколог-студенттері қатысты.

Акция барысында республика бойынша 40 мыңнан астам қалдық жиналды. Жиналған қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуге 1200 тонна шыны, 3150 тонна пластик, 420 тонна резеңке, 1300 тонна қағаз және картон, 890 тонна металл тапсырылды.

Астанада Қарасу өзенінің бойында 40 мың ағаш көшеті отырғызылды, оның 200 көшетін ведомство қызметкерлері отырғызды.

Алдағы мерекеге орай іс-шара өтетін жерде министр аумақтық экология департаменттеріне 11 автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Олардың қатарында Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстары бойынша департаменттер бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: