Жаңа ережелерге байланысты Қарағандыда жол апаты 30 пайызға азайған

Кеше, 08:40 334

Қазақстанда жолдағы қуіпсіздікке қатысты қабылданған жаңа ережелерге байланысты Қарағанды облысында жол апаттарының саны 20-30 пайызға дейін азайған. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция подполковнигі өз сөзінде Қазақстан Республикасының заңнамаларына енгізілген өзгерістерді баяндай келе, жолдағы қауіпсіздік шаралары мен ережелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, спикер механикалық көлік құралдарына мопедтерді теңестіретін заңнама, шағын жол-көлік оқиғасы кезінде міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемін ресімдеудің оңайтылған тәртібі, орташа жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершілік туралы сөз қозғады.

Мопедтерді тіркеу туралы 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап заңнамалық өзгерістер күшіне енетінін ескертеміз. Яғни, мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі. Аталған күннен бастап мопедтерді пайдалану тек полицияда тіркеуден өткен, «А», «В»  санатындағы жүргізуші куәлігі бар, техникалық тексеруден өткен және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Ол жерде қажетті құжаттардың тізімі бар. Жеке куәлігіңіз болу керек, техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер және өтініш толтыру керек. Сонымен қатар мопедті тексеруден өткізу керек және оны тіркеу үшін мемлекеттік баж салығы төлену қажет. Сондай-ақ, биыл 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалану және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынатынын ескере отырып, полиция департаменті мопед иелерін алдын ала тіркеуден өткізуге және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға мопед жүргізу құқығын алу үшін автокөлік мектептерінде оқуға кеңес береді. Полиция департаменті мопедтерді тіркеу және жүргізуші куәлігін алу мәселелерін соңғы күндерге қалдырмауды ұсынады,-деді облыстық ПД әкімшілік полиция бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев өңірде өткен брифингте.

Бұдан өзге полиция өкілі «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алуға қойылатын талаптарға тоқталып өтті. Санаттың бұл түрі автобустарды жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін «D» санатынағы жүргізуші куәлігін тек 25 жастан асқан адамдардың алуына мүмкіндік берілетін. Жаңа ережелерге сәйкес енді олардың жасы 23-ке дейін төмендетілді. Ал көлік құралын басқару мерзімі бес жылдан үш жылға дейін азайды. Оның ішінде «D1» кіші санатына жататын көлік құралын басқару үшін жүргізуші өтілі бір жылдан кем емес болуы керек, ал бұрын үш жыл болған. Бұл норма қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығын шешуге бағытталып отыр екен.

Келесі мәселе - 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жолаушыларды жеке тасымалдаушыларға қойылатын жаңа талаптар күшіне енді. Олар әкімдіктерге өздерінің қызмет көрсетуінің басталуы туралы хабарлама жіберуге міндетті. Хабарламаны беру автоматты түрде жүзеге асырылады және тасымалдаушы тізімге енгізіледі. Тиісінше әкімдікте такси тасымалдаушыларының толық тізбесі болады. Такси тасымалдаушы ұйымға жүргізушімен еңбек шартын жасауға міндеті қойылды. Сонымен қатар, такси қызметін ұсынушыларға қойылатын тағы бір талап, енді рөлі оң жақта орналасқан және шетелдік автомобильдер  бұл қызметті атқара алмайды. Әкімдікке қызметтің басталғаны туралы бақылау такси операторларына жүктеледі,-деп атап өтті Елжас Жартыбаев.

Айта кететін жайт, 2024 жылдың 1 қаңтарынан еурохаттама жүйесі күшіне енген болатын. Оның аясында болмашы жол-көлік оқиғасы кезінде міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемін ресімдеудің оңайтылған тәртібі енгізілді. Енді жол-көлік оқиғасына қатысушылар оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырмай, өздері сол мобильдік қосымша арқылы кіруге болады. Дегенмен бұл жағдайда өзіндік қойылатын критерийлер бар. Атап айтқанда, жол апатына қатысушылар саны екі адамнан артық болмау керек. Сонымен қатар келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткішке, яғни   393 теңгеге дейін болуы қажет. Және ең бастысы, көлік апаты кезінде ешкімнің денсаулығына зиян келмеуі керек. Бұдан өзге екі жүргізушінің де сақтандыру полюсының болуы және кінәні мойындауы маңызды. Айта кетсек, «Еурохаттам» мобильдік қосымшасын смартфон арқылы Google Pay App Store-дан жүктеуге болады. Осылайша жол-көлік оқиғасы аталған қосымша арқылы оқиға орнына  полиция қызметкерлерін шақырмай, сақтандыру компаниясына бармай оңтайландырған әдіспен ресімделеді. Жол-көлік оқиғасының координаттары мен зақымдану фотосуреттері автоматты түрде бір жүйеге жіберіледі. Бұл деректерге барлық сақтандыру компаниялары қол жеткізе алады. Зардап шеккен адам сақтандыру төлемін алу үшін құжаттарды жинаудан босатылады. Осы критерийлердің бірі сәйкес келмеген жағдайда, егер де кінәсін мойындамай тұрса немесе жол апатына қатысушылар саны екі адамнан  көп болса  және де жарақат алған жағдайларда 102-ге қоңырау шалу қажет. Бұл кезде жол апатын полиция қызметкерлері келіп ресімдейді.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Былтыр 2024 жылдың 4 желтоқсаннан бастап орташа жылдамдыққа қатысты жаңа талап күшіне енді.

Тіке учаскелерде орташа жылдамдықты асырған жүргізушілер жауапкершілікке тартылады. Ол  автоматтандырылған жүйелермен бекітілетін болады.  Рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асып кетуіне байланысты айыппұл  5-тен 40  айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Ол 19 мың теңгеден 157 мың теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұлды құрайды.  Сондай-ақ, бұрын болмаған жылдамдық саралау ережесі енгізілді. Рұқсат етілген жылдамдық, яғни 40-тан 60-қа дейін және сағатына 60 км-дан асырған жағдайда жеке әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бұрын сағатына 40 км болатын, қазір  рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 километр және одан да жоғары асырғаны үшін жүргізушілер жауапкершілік тартылады. Мұндай ереже бұзушылық үшін айыппұл көлемі 40 айлық есептік көрсеткіш. Бұл жаңашылдық тиісті талдаулрды ескере отырып енгізілді,-деді полиция полковнигі.

Полиция өкілінің айтуынша, қала маңындағы трассалардағы әрбір үшінші адам жылдамдықты асырғаны үшін болған жол-көлік оқиғасынан көз жұмады. Талдау көрсеткендей, белгіленген жылдамдықты асыру жол апатының негізгі себебі болып табылады. Өткен жылдың 12   айында Қарағанды облысы бойынша 1343  жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Өкінішке қарай, оның ішінде 191 адам қаза тауып, 1592 адам жарақат алған.

Әкімшілік полиция бастығының орынбасары мәлімет ретінде Қарағанды облысында жұмыс істейтін мобильді кешендерге тоқталып өтті. Жылдамдық режимін автоматты тіркейтін «Оракул» мобильді кешені өңірде екі патрульдік көлікке енгізілген. Оның бірі Қарағанды қаласында жасырын жұмыс жасап, жылдамдықтарды өлшейді. Екінші кешен маяктармен және борттық нөмірімен жабдықталған арнайы автокөлікке орнатылып, республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға шығып, сол жерде жылдамдықты өлшейді. Сондай-ақ жылдамдықты арттыру фактілерін тіркейтін 11 «Ekin patrol»   кешені бар. Ол 2020 жылдан бастап Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларында, Қарқаралы ауданында және облыстық, республикалық жолдарда жылдамдық асыру фактілерін анықтайтын кешен.

Келесі мәселе - сыртқы жарық шамдарын пайдалану. Бұл жерде керісінше жеңілдетілді. 2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап көлік жүргізушілері күндізгі уақытта сыртқы жарық шамдарын пайдалану ережелерін бұзған жағдайда 602-баптың 1- бөлігіне сәйкес тек қана ескерту жазылады. Егер екінші рет ереже бұзу жағдайы анықталса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұрындары бұл ережені  бұзғандарға салынатын айыппұл 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болатын. Ал қазір алдымен ескерту беріледі»,-деп сөзін толықтырды басқарма бастығының орынбасары.    

Былтыр 4 желтоқсаннан бастап елімізде жүргізуші куәлігін алуға қатысты жаңа ереже күшіне енді.  Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608- бабына сәйкес жүргізуші куәлігі жоқ адам мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін немесе 613-бабы бойынша медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады және оларға тиісінше 7 және 8 жылға жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынады. Ал бұған дейін мұндай ереже болмаған. Яғни, бұрын жол ережесін бұзушы сот шешімімен 20 тәулік әкімшілік қамауда отырып шыққан соң ертеңінен бастап жүргізуші куәлігін ала беретін. Ал қазір ереже қатаңдатылып, 7-8 жылға дейін тыйым салынып отыр.  Сондай-ақ былтыр 20 қарашадан бастап №073  формадағы медициналық анықтама  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекет корпорациясынан   электрондық форматта беріледі.   Бұдан өзге бұған дейін автомектептерде «Азаматтарға арналған үкімет»   оқу курстарын аяқтау туралы куәліктерді қабылдауы бұрын қағаз түрінде болған. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл құжат электронды форматқа көшірілді. Ол дерек дерек қорына енгізе отырып, тек қана электронды форматта жүргізілетін болады.

Брифинг соңында полиция полковнигі көптің қызу талқысына түсіп жатқан көлік қозғалтқышын қосып тұру мәселесіне де тоқталып өтті.

ҚР Жол қозғалысы ережелерінің 88-бөлігінің 5-тармағына сәйкес көлік құралы қозғалтқышпен жұмыс істеп тұрған күйде сол жердің тұрғындарына қолайсыздық туғызса, елдімекендерде тұраққа тыйым салынады. Осыған ұқсас 122-бөлігінің  4-тармағында да айтылады. Жол қозғалысы ережелерінің тұрғын аймақта қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған күйде тоқтап тұруға тыйым салынады. Бұл 5.38  жол белгісімен  белгіленген учаске салынған аумақ немесе массив. Негізі бұл жаңадан енгізілген өзгеріс емес. Мұндай норманың қолданысқа енгеніне 20 жылдан астам уақыт өтті. Сондықтан   құқық бұзушылықтың негізгі белгісі көлікті 5 минуттан аса уақытта қыздыру емес, нақты тұрғындарға қолайсыздық туғыза отырып бес минуттан асатын уақытқа әдейін тоқтап тұрушыларға қатысты.  Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабының   1-бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Бірақ бірнәрсені түсіну керек,  полиция органдары бұл құқық бұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салайын деп жатқан жоқ. Тек тұрғындардан арыз түскен жағдайда  және дәлелдемесі болған кезде жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады,-деді Елжан Жартыбаев.

Брифинг соңында тілшілер сауалына жауап берген спикер жол қауіпсіздігіне қатысты  жаңа ережелер қабылданып, қолданысқа енген соң өңірде жол-көлік оқиғалары шамамен 20-30 пайызға азайғанын атап өтті.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: