Жамиқ ат-Тауарих

31 Тамыз 2014, 09:21

“ЖАМИҚ ат-ТАУАРИХ” — 1) парсы тілінде жазылған шежірелер жинағы. Авторы өз заманының үлкен тарихшысы, ірі ғалымы Рашид әд-Дин Фазлуллах Хамадани (1247 — 1318).

“ЖАМИҚ ат-ТАУАРИХ” — 1) парсы тілінде жазылған шежірелер жинағы. Авторы өз заманының үлкен тарихшысы, ірі ғалымы Рашид әд-Дин Фазлуллах Хамадани (1247 — 1318). Оның тегі туралы әр түрлі пікірлер бар. Өз жазбаларында шежіреші мұсылман-сүннит ретінде танылады. Оның атасы да, әкесі де, өзі де елхандар (1256 — 1353) тұсында Шыңғыс хан ұрпақтарына қызмет жасаған. ұазан хан тұсында (1298) Рашид әд-Дин сарай уәзірі болып сайланған. Ол дәрігер, ботаник болса да, есімі тарихшы ретінде сақталған. “Ж. ат-т.” ортағасырлық парсы жазбаларының ішінен ерекше орын алатын шежіре. Жинақ екі бөлімнен құралады: бірі Шыңғыс хан әулеті мен олар құрған мемлекеттер тарихын қамтыса, екіншісі исламға дейінгі, Араб халифаты тұсындағы және одан кейінгі мұсылман елдерінің Шыңғыс хан әулеті шапқыншылығына дейінгі тарихын сөз етеді. Тарихи шежіренің қамтыған деректері өте ауқымды. Мұндай көлемді де күрделі жұмысты атқару үшін Рашид әд-Дин екі хатшы ұстаған көрінеді: бірі — Абдуллах Кашани, екіншісі — Ахмет Бұхари. Бұл тарихи шежірені жазу ісі ұазан ханның тапсырысы бойынша 1300 — 01 ж. қолға алынып, 1310 — 11 ж. аяқталған. Онда көне түркі тайпалары, Шыңғыс хан империясы, түркі тайпаларының тарихи географиясы, Кавказ, Иран, Орт. Азия елдерінің тарихы туралы көптеген құнды мәліметтер сақталған. Мемлекет, әулет тарихымен қатар мәдени, этн. деректер де өте көп. “Ж. ат-т.” шежірелер жинағының жеке тармақтары ғалымдар назарын көптен аударуда. Француз зерттеушісі Катрмер оның Хұлағу ханға қатысты саласын жариялады (1836), И.Березин “Моңғол тарихы” мен “Шыңғыс хан тарихын” (1858 — 88) орыс тіліне тәржімалаған. 1911 ж. Э.Блош шежіренің Шыңғыс хан ұрпақтарының Қытай мен Моңғолиядағы тарихына қатысты саласын аударды. Бірақ тарихи шежіренің орыс тіліне толық аударылуы КСРО ұА тарапынан 1936 ж. ғана қолға алынған еді. Көптомдық басылым ретінде жоспарланған бұл күрделі аударманың әр томы әр жылдары жарық көрген: 1) 1952 ж., 1-т., 1-кіт. Парсы тілінен ауд. Л.А.Хетагурова; 2) 1952 ж., 1-т., 2-кіт., ауд. О.И.Смирнова. Бұл екі жинақтың редакциясын басқарған А.А.Семенов; 3)1960 ж., 2-т. Ауд. Ю.П. Верховский, редакциясын басқарған И.П. Петрушевский; 4) 1946 ж., 3-т. Ауд. А.К.Арендс, ред. басқ. А.А. Ромаскевич, Е.Э. Бертельс, А.Ю. Якубовский. Шежіренің алғашқы томы Оғыз хан, моңғол аталып кеткен түркілер, жеке әкім-билеушілері бар түркі тайпалары, моңғол тектес түркі тайпалары (1-кіт.), Шыңғыс хан, оның тегі, ұрпақтары, Қытай, Қарақытай, Машын елдерінің тарихы, Шыңғыс әскерінің Орт. Азияға келуі, Иран, Шам, Мысыр елдерінің тарихы, моңғолдардың жыл санау ерекшеліктері, т.б. (2-кіт.) тақырыптарды қамтыған. 2-томы — Үгедей хан, 3-сі — Хұлагу, Абаг, Текудере (Сұлтан Ахмед), Аргун, Гейхату, ұазан хан тарихына негізделген тарихи шежіре. Бұл тарихи шежіренің ғыл. маңызы аса зор. Мұнда Шыңғыс хан империясы дәуіріне дейінгі түркі тайпаларының этн. үрдісі, одан бергі кезеңдегі тарихи деректер мен мәліметтер бар. 

Әдеб.: Рашид ад-Дин, Сборник летописей, 3 т., М. — Л., 1946; 1952, 1 т., кн. 1—2; 1960, 2 т. Қазақ Энциклопедиясы

                                                                                                                           Т. Қоңыратбай

Бөлісу: