Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлімдеді деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Мойынқұм ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Ақбақай ауылында орналасқан жекеменшік үйдің қосалқы шаруашылығында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында құрамында бағалы металдары бар шикізатты заңсыз өңдеу жұмыстарын жүргізетін шағын цехты анықтады.
Тексеру кезінде қолдан жасалған ұсатқыш, сынапқа ұқсас сұйықтығы бар 3 пластикалық бөтелке, азот қышқылы бар канистр, жалпы салмағы 116 келі болатын ішінде алтынды кені бар 2 қап табылды және тәркіленді.
Осы дерекке қатысты Қр ҚК-нің 295-1-бабы 1-бөлігі (Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде 28 жастағы жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды.
Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы жазбаша түрдегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал анықталып жатыр. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.