Жамбылда қаза тапқан қызметкердің отбасы 3 млн теңге өтемақы алды

15 Шілде, 14:03 670

Жамбыл облысының прокурорлары қайтыс болған жұмысшының отбасына 3 млн теңге өтемақыны өндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау прокурорлардың қадағалау саласының басым бағыттарының бірі болып табылады.

Кейбір азаматтардың еңбек қатынастары саласында тиісті білімі жоқ екені белгілі, оны жосықсыз жұмыс берушілер өздерінің жеке мүдделері үшін пайдалана алады.

Атап айтқанда, Қордай ауданында жұмыс беруші еңбек шартының орнына қызмет көрсету шартын жасасу арқылы жұмысшының өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктен жалтару фактісі анықталды.

Бұл схема жеке кәсіпкерге жұмыс орнында қаза болған жұмысшының отбасына өтемақы төлемеуге мүмкіндік берді.

Қордай ауданы прокуратурасының сотқа берген талап қоюы бойынша көрсетілген адамдар арасындағы еңбек қатынастарының фактісі дәлелденіп, қаза болған тұлғаның отбасына 3 млн теңге төленді.

Биыл еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау шеңберінде өңір прокурорлары 14 651 адамның құқықтарын қорғады, оның ішінде 1 040 қызметкерге 281 млн теңгеге жалақы бойынша берешек төленді.

Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында еңбек шарттары жасалуға міндетті. Бұл жұмысшыларға өздерінің конституциялық құқықтарын қорғауға кепілдік береді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: