Жамбылда медициналық бұйымдар өндірісін кеңейту перспективалары талқыланды

11 Қараша, 05:38 343

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында  Айша бибі ауылында орналасқан «Super-Pharm» фармацевтикалық өнім шығаратын кәсіпорынға барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Еліміздің бас дәрігері зауыттың өндірістік цехтарын аралап, онда бір реттік медициналық бұйымдарды шығару процесін қарап, кәсіпорынның қуаттылығымен танысты. 

Ведомство мәліметінше, сапар барысында өнім желісін кеңейту, фармацевтика саласына инновациялық технологияларды енгізу және қазақстандықтар үшін медициналық бұйымдардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін кедергілерді жою мүмкіндіктері талқыланды.

Компанияның даму жөніндегі директоры Әділхан Әмірханов жаңа желілерді іске қосу жоспарлары туралы айтып берді. Жергілікті өндірушілер үшін жағдайды жақсарту жолдарына жеке тоқталды, бұл жалпы халық үшін медициналық бұйымдардың қолжетімділігі мен сапасына әсер етеді.

Айта кетейік, «Super-Pharm» ЖШС — Қазақстандағы бір реттік медициналық бұйымдардың жетекші өндірушісі. 2006 жылы құрылған кәсіпорын тоқыма емес материалдардан, пластмассадан өнімдер және шприцтер шығарады. Үш өндірістік желісі бар зауыт 548 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жылына 300 миллионға дейін өнім шығаруға қабілетті.

Зарина Арман
Бөлісу: