Жамбыл облысының диқандарына құрғақшылық салдарынан келген шығын өтеледі

11 Тамыз 2023, 19:09 903

Жамбыл облысында жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жергілікті егіншілермен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сеңкібай су арнасы құрылысының барысын тексеріп, вегетациялық кезеңде суды пайдалану тиімділігін арттыру шараларымен танысты. 

Әлихан Смайыловтың өңірлік ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесуі барысында субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, егістік сумен қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, құрғақшылық салдарынан болған егін шығынын өтеу туралы мәселе көтерілді. 

Премьер-министр қазіргі уақытта өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлердің шығындарын өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. 

Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін барлығы есептеліп, тиісті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен субсидияларға қаржы бөлу және оларды кешіктірмей төлеу мәселесін жылдамдатып жатырмыз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының бақылауында, - деді Әлихан Смайылов. 

Тағы бір мәселе «Жасөркен» гидробекетін қалпына келтіруге қатысты болды, ол суды әділетті бөліп, есепке алуға мүмкіндік береді. Премьер-министр ол үшін Үкімет резервінен 450 млн теңге қаражат бөлу туралы тиісті министрлікке және әкімдікке тапсырма берілгенін хабарлады. 

Тағы бір сұраққа жауап бере отырып, Әлихан Смайылов қазіргі уақытта ұңғымаларды қазуға кеткен шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті. 

Өңірде суармалы жер көлемі 181,8 мың гектарды құрайды, 2025 жылға қарай инфрақұрылым нысандарын жөндеу және 14 жаңа су қоймасын салу есебінен тағы 54,9 мың гектарды айналымға енгізу жоспарланып отыр.

Суды тиімді пайдалану мақсатында қазірдің өзінде 54,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 57 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жерасты суларын тиімді пайдалану, ұңғымаларды бұрғылау және басқа да су үнемдеу шараларын жүзеге асыру басты назарда екенін айтты.  

Перизат Саденова
Бөлісу: