Жамбыл облысының қоғамдық және жастар ұйымдары құқықтық сауаттылықтарын арттырды

22 Тамыз 2018, 06:18 1829

«Қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының этномәдени құзыреттілік және құқықтық сауаттылығын көтеру бойынша жұмыстар жүргізу» тақырыбында  Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданында ғылыми-әдістемелік коучинг өтті.

 Аталмыш шараны облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғылыми сараптамалық қолдау бөлімі ұйымдастырып өткізді.

Коучингтің басты мақсаты - жас ұрпақты құқықтық сауаттылық пен этномәдени құзыреттіліктерін дамыту, қоғамдық бірлестіктермен және жастар ұйымдарымен жұмыс істеу, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттер мен қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру технологиялары бойынша тыңдаушылардың кәсіби білімі мен біліктілік деңгейін арттыру.

Шараға этносаралық және конфессияаралық қатынастар, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметкерлер, дін істері, тілдерді дамыту басқармаларының мамандары, «Жастар ресурстық орталықтары» қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің жастары, үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты.

Коучинг барысында Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшысы Тапаева Альбина Маратовна «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаты: қазіргі міндеттері және жүзеге асыру тетіктері» тақырыбында баяндама жасады. Мұндағы басты міндет - Қазақстанның қазіргі дамуы кезеңінде әлеуметтік-мәдени құндылықтардың трансформациялануын түсіндіру, Ұлттық код және қоғамдық сана ұғымдарын талдау мен талқылау болып табылады.

Жиын барысында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Асқар Қадырқұлов Қазақстан Республикасында жалпы азаматтық сәйкестіктің құқықтық негіздеріне тоқталды. Сөз арасында жастар ұйымдарының қызметі жөнінде тәжірибе және пікір алмасу, мемлекеттік қызметтің негізгі мақсаттары мен міндеттерін және функцияларын талқылады.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «философия және төзімділік» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, Гульгина Гизатуллина «Қоғам бірігуіндегі тіларалық байланыстың рөлі» жайында баяндама жасады. Мұнда облыс аймақтарындағы этноконфессионалды жағдайды реттеу, тіларалық түсіністік пен тұрақтылықты арттыру секілді бірқатар мәселелер қаралды. 

 

Бөлісу: