Жамбыл облысындағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 36,6 пайызға өсті

22 Қазан 2023, 13:03 633

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыста 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар десек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға артық. Оларда 160 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 10 мыңнан астам жобаны іске асыруға 260 млрд.теңге бөлінген.

- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бәрінде кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Бүгінгі таңда жергілікті билік, бизнес-қоғамдастық, өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында тығыз ынтымақтастық орнаған деп сеніммен айтуға болады. Мемлекет пен бизнес арасындағы қарым - қатынас өзара сенімге негізделуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдар жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз етуі, кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жобаларды белсенді іске асыруы маңызды, - деп атап өтті облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше назар аудартты. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің жартысын әйелдерге тиесілі. Әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылған адамдардың саны 50 мыңнан асады десек, ол жалпы санның 30 пайызын құрайды.

- Бүгінде өңірлік палата жанынан құрылған салалық кәсіпкерлер кеңестері бизнес-қоғамдастықпен тиянақты жұмыс жүргізуде. Жақын арада инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілетін индустриялық аймақтар ашу жоспарлануда. Бұл өнеркәсіптің дамуына қуатты серпін береді деп сенемін, - деді Ербол Қарашөкеев.

Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің өкілдері бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, оларды шешуге қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, жолаушылар тасымалын субсидиялау, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, бей-берекет сауданы жою мәселелері талқыланды.

Асқар Таудай
Бөлісу: