Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша аса маңызды, ауқымды инвестициялық жобасын жүзеге асыру басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мыңнан 1 млн тонна жүгері өндіруге жетіп, кейіннен 3 млн тоннаға дейін өседі. Инвестиция көлемі шамамен 420 млрд теңгені құрап отыр. Жоба құрылыс кезеңінде 6000 жұмыс орнын ашуға, ал пайдалануға берілгеннен кейін 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Компания биыл 2026 жылдың өнімін өңдеу үшін 300 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жамбылдық шаруалармен офтейк-келісімшарттар жасасып, өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалауды көздейді.
Жүгеріні терең өңдеу қосымша құны жоғары өнімдер – аминқышқылдары (лейцин, валин, изолейцин, глутамин, цитрулин), крахмал, глюкоза алуға мүмкіндік береді. Қалдықсыз өндіріс жолға қойылады: дәнді дақылдардың қалдықтарын мал азығы ретінде пайдалану жоспарлануда.
Ел Президенті өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу межесін қойды. Басым бағыттардың бірі – дәнді дақылдарды терең өңдеу. Бүгінгі жоба – бұл міндеттің іс жүзінде жүзеге асуының жарқын көрінісі. Зауыт егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас жүйені қалыптастырады. Бұл бірегей жоба Қазақстанның барлық оңтүстік өңірлерінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс әкеледі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін, жалпы құны 3,6 трлн теңгені құрайтын 82 жоба бар.