Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны төмендеп келеді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл қылмыс саны 41%-ға азайған. Полиция өкілдері кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және оны болдырмау мақсатында тиісті іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырғанын алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңірде өткен брифингте Жамбыл облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев өңірдегі ахуалды баяндады. Спикер өз сөзінде қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесінің өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, заң бұзушылықтарға көбінесе отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігі мен әлеуметтік ортаның әсері себеп болып отыр.
Қазіргі қоғамдағы жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі өкінішке қарай өте өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Әсіресе жасөспірімдердің саналы түрде қылмыстық әрекеттерге баруы көбінесе отбасындағы тәрбие мен әлеуметтік ортаның әсерінен туындайды. Сол себепті жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу мен профилактикасы бойынша шаралар тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, сонымен қатар отбасылық тәрбие, қоғамның жауапкершілігі және тәрбиелік бағыттағы шаралардан бастау алады. Полиция білім беру мекемелерімен бірлесіп атқарып жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан бала тәрбиесі бойынша ата-аналар жауапкершілігінің төмендеуінен, ата-ана жұмысбастылығынан назардан тыс қалған жасөспірімдер көше кезіп, салдарынан қылмыс жасау деректері орын алуда. Заман көші алға озған сайын жасөспірімдер тарапынан заң бұзушылық пен қылмысты алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар айрықша мән-мағынаға ие болды, – деді Әлішер Қалышев.
Жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімшесімен биыл жыл басынан бері «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілген. Іс-шара мақсаты - кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының, қоғамға жат іс-әрекеттерінің алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және кәмелетке толмағандар мен оларға қатысты жасалатын қылмыстардың жолын.
Жыл басынан бері өткізілен рейдтік және профилактикалық іс-шаралар барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің түрлі бөліністеріне 1879 кәмелетке толмаған бала жеткізіліп, 3 мыңнан астам әкімшілік хаттама рәсімделді. Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты. Сол себепті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 1425 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Сондай-ақ, 133 кәмелетке толмаған бала мен 57 жайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. 16 тұлға ата-ана құқығынан айырылды, 2 жасөспірім арнайы мектепке жолданды, 33 кәмелетке толмағандар қатысты бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, түрлі жағдайлар бойынша кәмелеткеке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі әкімдіктердің жанында құрылған комиссияларда 61 іс қаралды, – деді кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы.
Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмағандардың аумақтық инспекторлары облыс аумағында орналасқан барлық білім беру орындарында мамандармен бірлесе ата-аналармен жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбында түсіндірме жиналысын жүйелі түрде өткізіліп келеді. 2024 жылы 2 432 дәріс оқылып, 51 дөңгелек үстел және 82 ата-аналар жиналысы ұйымдастырылған.
Полиция департаментінің мәліметінше, атқарылған профилактикалық шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға төмендеген.
Жасөспірімдердің қылмысқа бару себебі – әлеуметтік теңсіздік, замандастарына еліктеу, қымбат заттарды алуға деген ұмтылыс және ата-аналармен түсініспеушілік. Мысалы, биыл үйден кету бойынша 39 жағдай тіркеліп, 40 жасөспірім анықталды. Оның 24-сі қыз балалар болса, 16-сы ұлдар. 40 жасөспірімнің 30-ы мектеп оқушысы, 7-уі колледж студенттері. Үйінен кетіп қалған жасөспірімдердің басым бөлігі ата-анасымен ұрысып немесе ренжісіп қалған, – деді спикер.
Брифинг барысында Әлішер Қалышев ата-аналарды балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге шақырды. Оның айтуынша, жасөспірімдердің тәртібін тек полиция немесе білім беру мекемелері ғана емес, бүкіл қоғам бақылауға алуы тиіс.
Бала тәрбиесіне тек құқық қорғау органдары мен білім беру саласы ғана емес, бүкіл қоғамның бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Қоғам болып осы бағыттағы белсенді жұмыс атқарғанда ғана ұлағатты, білімді және жауапкершілігі мол жас ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік болады. Бұл – ұлт болашағы үшін маңызды қадам, – деді полиция өкілі.
Сөз соңында спикер облыс тұрғындарын алдағы уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстарды полиция қызметкерлерімен бірлесіп атқаруға шақырды.