Жамбыл облысында жолда қалған тұрғындар толығымен құтқарылды

15 Желтоқсан 2023, 20:48 1008

Жамбыл облысында ауа-райының күрт нашарлауына байланысты 12 желтоқсан сағат 12:00-ден 14 желтоқсан сағат 13:15 аралығында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанның республикалық маңызы бар «Тараз-Алматы» (облыстық маңызы бар Меркі-Қайнар, Қордай-Шу, Меркі-Қордай) бағытындағы жолдарда кезең-кезенімен көлік қозғалысы тоқтатылған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жедел қолға алынған іс-әрекеттердің нәтижесінде аталған бағыттардан барлығы 2708 адам құтқарылды, оның ішінде 94 бала бар.  2464 үйлеріне қайтарылса, 244 адам алты жылыту пунктерінде қалып отыр. 5 азамат (1 нәресте, 4 ересек) Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жағдайлары тұрақты, дәрігерлердің бақылауына алынды. 

Жалпы екі күнде 5000-нан астам адам құтқарылды. Қар құрсауында қалған барлық азамат толық шығарылды. Адам шығыны ресми тіркелген жоқ.

Облыстық ТЖ департаменті жанынан жедел желі ұйымдастырылды. Қар құрсауынан шығару жұмыстарына, жалпы 117 арнайы техника, 169 адам тартылды (ТЖД, Полиция, әскери, жергілікті атқарышу орган қызметкерлері).

Жолдарды тазалау жұмыстары жалғасуда (ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, «Оңтүстік әскери қолбасшылығы» «Қазавтожол» АҚ).

Ауа райының күрт нашарлауынан жарықсыз қалған Қордай, Шу,  Мойынқұм, Шу аудандарындағы 30 елді мекеннің қазіргі таңда оның 25-іне электр қуаты берілді. Қалған 5 елді мекенде электр энергиясын қосу жұмыстары жүруде. Бұл жұмыстарға «Жамбыл электр желілері» ЖШС-нен 23 жедел топ пен 27 арнайы техника тартылды.

Барлық орталық қазандықтар штатты режимде жұмыс істеуде, газ құбырларының апаты тіркелген жоқ.

Қордай, Шу аудандарында қосымша 825 орынға арналған 9 жылыту пункті ұйымдастырылған (Шу ауданында 3, Қордай ауданында 6).

«Қазақстан теміржолы» АҚ ақпаратына сәйкес, Шу-Отар учаскесінде жолаушылар пойызының қозғалысы қалпына келтірілді.

Облыстың басқа елді мекендері мен Тараз қаласында жағдай қалыпты. Аталған мәселе тұрақты бақылауда.

Тұрғындардан тек ресми ақпараттарға сенуді, жолдардың жабылуы туралы ескертулерді мұқият сақтауды және ауа-райының қолайсыз жағдайында жолға шықпауларын сұраймыз.

Айта кетейік, аталған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен өңірлік жедел штаб құрылып, жұмыстар жүруде. Қордай және Шу аудандарында жергілікті аумақтағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Перизат Саденова
Бөлісу: