Жамбыл облысында жарты тоннаға жуық есірткі тәркіленді

12 Желтоқсан 2022, 18:23 1055

Бұл туралы Polisia.kz мәлім етті

Жамбыл облысының полицейлері жарты тоннаға жуық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

8 желтоқсанда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тұрар Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылынан 60 шақырым қашықтықтағы құмды аумақта 47 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Ваз-2121 автокөлігін тоқтатты. Автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыштан екі қапшық гашиш есірткі заты табылды.

Одан бөлек, сол орыннан 2 шақырым қашықтық жерде целлофаннан екі күркеше жасап, 36 қап марихуана мен 1 қап гашиш есірткі заттарын жинап қойғаны анықталды. Сондай-ақ, есірткі құралдарын илейтін екі елек табылды.

Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 472 келіден асты, оның ішінде 369 келі 588 грамм кептірілген марихуана және 102 келі 760 грамм гашиш болып шықты.

«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталған 47 және 30 жастағы күдіктілер өз кінәлерін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

EL.KZ
Бөлісу: