Жамбыл облысында жаңа мәдени нысан пайдалануға берілді

Кеше, 22:44 238

Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Қарасай ауылында 180 орынға шақталған мәдениет үйі халық игілігіне берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік нысанның ашылуына аудан басшылығы мен жергілікті мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Қарасай ауылының жаңа мәдениет үйі ел игілігіне қызмет етіп, өнер мен мәдениеттің ордасына айналатынына сеніміміз зор, – деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.

Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта акт залы, кітапхана, ІТ-кабинет бар, сондай-ақ вокал, би, қолөнер үйірмелерін өткізу үшін бөлмелер қарастырылған.

Бұл мәдениет үйі ауыл жастарының өнерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізуге зор мүмкіндік береді. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, рухани құндылықтары осы ордада жаңғырады деп сенемін. Ауылдың гүлденуіне қолдау көрсетіп, осындай игі істерді атқарып жатқан азаматтарға қариялардың атынан алғысымды білдіремін, - деді ауыл ақсақалы Жұмабек Тоқаев көпшілікке ақ батасын берді.

Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылды. Жиналған қауым нысанды аралап, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысында бүгінге дейін 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысан ел игілігіне тапсырылмақ. 

 

Перизат Саденова
Бөлісу: