Жамбыл облысында толассыз жауған жауыннан 47 үйді су басты

8 Шілде, 14:35 940

Жамбыл облысы Сарысу ауданында қатты жауын-шашыннан көлбеу ағындар пайда болды. Жаңатас қаласының 13 көшесінде барлығы 47 үй, 1 әлеуметтік нысан және 400 аула аумағын су басты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға кеше 7 шілдеде сағат 17: 20-да шамасында болған. Ауа райы қолайсыздығынан аудандық маңызы бар Жанатас-Саудакент автожолы жабылды.

Су айдау және жол төсемінің топырағын арнайы техникамен көтеру, сондай-ақ  халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар және полиция департаментінен 231 адам, 53 техника жұмылдырылған 24 мотопомпа мен дрон пайдаланылуда. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді.

Құрбандар мен зардап шеккендер, сонымен қатар мал шығыны жоқ.

Халықты қабылдау үшін М. Әуезов мектебінде 45 орын және орталық ауруханада 60 орын дайын.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: