Жамбыл облысында толассыз жауған жаңбырдан төрт түлік мал қырылып қалды

18 Шілде, 10:45 677

Жамбыл облысы Қордай ауданында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан мал қырып, электр жарығы сөніп, көпір бүлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Береке» шаруа қожалығы аумағынан 671 бас ұсақ мал мен 10 бас жылқы суға кеткен. Бүгін бұл мәселені арнайы комиссия нақтылайды

Ағын су салдарынан «Соғанды-Бетқайнар» автожолындағы көпір бүлінген. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күшімен бекеттер қойылып, жол жүру қамтамасыз етілді.

Жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, жеке аула аумақтарын, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ, - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Қордай ауданының бірқатар елді мекендерінде 17 шілде сағат 18:00-ден бастап қатты жел тұрған. Желдің жылдамдығы - 18-20 м/с, екпіні 25 м/с дейін жеткен.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар елді мекендерде уақытша электр қуаты үзілген. Авариялық қызметтер барлық шақыруға жедел шығып, электр желілерін қосу шараларын атқарды. Қазіргі уақытта Соғанды ауылында (65 үй) ғана электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: