Жамбыл облысында қару-жарақ сақталған орын табылды

17 Қаңтар 2023, 12:00 1010

Бұл туралы Polisia.kz мәлім етті

Жамбыл облысында есірткі қылмысын ашу барысында қару-жарақ сақталған орын табылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Төле би ауылында бос қалған ғимараттың ішінен арсенал қару-жарақты тапты. Полицейлер жартылай  автоматты тегіс ұңғылы Mossberg мылтығын, екі тегіс ұңғылы ИЖ-16 мылтығын, екі ұңғылы ТОЗ-16 екі шолақ мылтықты, төрт ұңғылы ПБ-4 Оса тапаншасын,  Револьвер Reg agent газ тапаншасын, ПМ тапаншасын, жарық дыбыстық гранаталар мен оқ-дәрілерді алды.  Табылған ПМ тапаншасы қаңтар оқиғалары кезінде  Полиция департаментінің  қоймасынан ұрланған екен. 

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың ақпаратына сүйенсек, есірткіге қарсы күресушілермен жыл басынан бері төрт қару-жарақ орны табылды. Жақында ғана Тараз қаласы “Тектұрмас” кесенесінің аумағында және Ниетқалиев көшесінің бойындағы салынып бітпеген үйдің жертөлесінен  газды-травматикалық тапаншалары, ПМ тапаншасы, Benelli САТ 13299 карабин, екі ұңғылы аңшылық шолақ мылтық, жарық дыбыстық және газ шашатын гранаталар, оқ-дәрілер жасырылған екі орын табылды.

Алынған қару-жарақтың кейбіреулері Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкені мен екі Полиция департаментінің қоймасынан ұрланған. Осыдан бір күннен кейін Талдықорған қаласында есірткі өткізушінің пәтерін тінту барысында газ пешінің ішінен есірткі салынған пакет, шарықшақты граната және оқ-дәрілер табылған. Барлық дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-баллистикалық сараптамалар жүргізіліп жатыр.

EL.KZ
Бөлісу: