Жамбыл облысында ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті

9 Тамыз 2019, 09:27 3661

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен  Меркі ауданында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Облыстық жиында Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облысы бойынша филиал төрағасының орынбасары -  Шәбден Тілеумұрат күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс аудандарында қоғамдық келісім кеңестерінің мемлекеттік саясатты түсіндіру тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. 


Сонымен қатар отырыс барысында аудандардың Қоғамдық келісім кеңестерінің  Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында берілген жергілікті бюджеттерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік секторда озық технологияларды ілгерілету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы аудан әкімдері орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.

Кездесу соңында ҚХА XXVII сессиясында өңірлерге Елбасының берген тапсырмасы бойынша Жамбыл облысы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы мен  облыстық қоғамдық кеңес төрағасы  Сембек Сейдазимов алдағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Көшпелі отырыс Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр»  ЖШС  қызылша егу шаруа қожалығында жалғасты. Мұнда оларға агроөнеркәсіптік секторда озық технологияны енгізудегі жұмыс сапасы мен егін алқабын тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері таныстырылды.


Аталған серіктестіктің басшысы Қанат Шайхиев қант қызылшасын жаңбырлатып суару бойынша республика көлеміндегі жоғарғы көрсеткішке қол жеткізу Франциядан жеткізілген озық технологиялық жабдықтың арқасында мүмкін болып отырғанын алға тартты.

Бөлісу: