Жамбыл облысында фосфор зауытында зардап шеккен қос жұмысшының жағдайы ауыр

6 Тамыз 2023, 10:42 1118

Тараздағы Жаңажамбыл фосфор зауытында (ЖЖФЗ) болған оқиғаның алдын ала себебі аталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Екі күн бұрын күндізгі сағат 11:30-да Жаңажамбыл фосфор зауытында контейнерлік цистернадан сары фосфорды алу кезінде жарылыс болып, екі қызметкер зардап шеккен еді. Оқыс оқиға «ЖЖФЗ» ЖШС қоймасының аумағында болғаны белгілі болды. Фосфор зауытындағы жарылыс дерегі бойынша мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.

Жамбыл облыстық полиция департаменті Фосфор зауытындағы жарылыс дерегі бойынша полиция органдары ҚР ҚК 156-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Аталған бап бойынша жаза 300 АЕК-ке дейін айыппұл салуды немесе түзеу жұмыстарын жүргізуді немесе 75 тәулікке дейін қамауға алуға бағытталған.

Өңірдегі еңбек инспекциясы басқармасымен бірлесіп алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіледі. Тергеу барысы бақылауға алынды.
Оқиғаның алдын ала себебі ретінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау көрсетілген.

Сары фосфордың жарылуы кезінде зардап шеккен 26 және 32 жастағы зауыт жұмысшылары қазіргі уақытта Тараз қалалық көпсалалы ауруханасының реанимация бөліміне жатыр. Дәрігерлер екеудің денесінің 22%-ы зақымданып, жағдайы ауыр екенін айтып отыр.  

Асқар Таудай
Бөлісу: