Жамбыл облысында екі спорт кешені ашылды

7 Шілде, 19:41 912

Жамбыл облысында Өрнек, Қаракемер ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Өрнектегі спорт нысанының ашылуына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

Екі ауылдағы спорт кешенінің құрылысы да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілген. Ауыл балалары мен жастары кәсіби әрі тұрақты негізде спорттың 7 түрімен (қазақша күрес, самбо, дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол) шұғылдана алады.

Кешенде барлық спорттық құрал-жабдықтар, жаттығу залы, киім ауыстыратын бөлмелер мен медициналық кабинет бар. Ғимараттың аумағы абаттандырылып, жылу жүйесіне қосылған.

Ербол Қарашөкеев ауылдың жас спортсүйер балаларымен әңгіме өрбітіп, оларға сәттілік тіледі. Жаңа спорт кешенінен болашақ чемпиондар шығатынына сенім білдірді.

Жамбыл спортының өзіндік дара жолы мен мектебі қалыптасқан. Бүгінде жас спортшыларымыз аға буынның жеңісті жолын жалғастырып, ел мақтанышына айналды. Жамбыл ауданынан шыққан дарынды спортшылар да еліміздің көк туын көкке көтеріп жүр. Біз осы қалыптасқан дәстүрді жоғалтпай, облыс спортын әрі қарай дамытуға күш салу қажетпіз, – деді Ербол Қарашөкеев. 

Айта кетейік, бүгінде 496 мың жамбылдық бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысады.

2024 жылы өңірде 15 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның 14-і биыл, қалған біреуі 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ биыл Тараз қаласы мен аудандарда 34 заманауи спорт алаңшасы ашылады.

Жыл соңына дейін халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейін 64,9 пайыздан 66-ға дейін арттыру жоспарланған. 

Перизат Саденова
Бөлісу: