Жамбыл облысында азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселесі кеңінен талқыланды

Бүгiн, 03:21 275

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарттық кеңесте азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселесі кеңінен талқыланды. Отырыста аймақ басшысы жауаптыларға бағаны бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста соңғы бір апта ішінде 5 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының: тауық еті, қырыққабат, жұмыртқа, күнбағыс майы, картоп бағасы көтерілген. Ұн мен қарақұмық бағасы төмендеген.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде тауарларға тұрақтандыру қоры арқылы интервенция жүруде.

Жалпы 2025 жылдың маусымаралық кезеңінде 8 тауар түрі бойынша ірі сауда желілеріне, дүкендерге, базарларға 746,1 тонна, 2566,8 мың дана және 75,6 мың литр тауарға интервенция жүргізу жоспарланған.

Азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорында тікелей сатып алу арқылы және форварттық келісімшарт негізінде 13 569,5 тонна және 4 731,6 мың дана тауар қоры қалыптасты.

Арнайы құрылған жұмыс тобы 2 аптада бір рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізеді.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің сөзінше, өткен жылы азық-түлік тауарларына сауда үстемақысын 15 пайыздан асырған 72 кәсіпкерге ескерту беріліп, жетеуіне айыппұл (627 640 теңге) салынған. Сонымен бірге сөредегі тауар құны мен кассадағы баға айырмашылығы үшін 9 сауда нүктесі 1 956 760 теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Дегенмен жиында облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жүргізілген мониторингтен нақты нәтиже көрмей отырғанын баса айтты.

Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру - өте маңызды. Бұл бағыттағы шараларға ерекше назар аудару қажет. Сауда департаменті мониторинг, ал жергілікті әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейту тиіс, – деді ол.

Ербол Қарашөкеев азық-түлік тауарлары бағаларының шекті межеден аспауын жіті бақылауды, өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды жүктеді. Сондай-ақ жауапты басшыларға дүкендерді өздері аралап, бағалардың нақты жай-күйімен көзбе-көз танысуды тапсырды.

Асқар Таудай
Бөлісу: