Жамбыл облысында автобус жүргізушісі жалған нөмірмен жолаушы тасымалдаған

12 Маусым, 06:18 480

Жамбыл облысында 36 жолаушыны жалған нөмірмен Түркістан облысына тасымалдаған автобус жүргізушісі анықталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2024 жылғы 10 маусымнан бастап Жамбыл облысының аумағында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Осылайша бірінші күні полицейлер жол қозғалысын қадағалау кезінде қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 131 жол ережесінің бұзушылығын анықтады.

Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының 350-шақырымында полиция қызметкерлері Алматыдан Түркістан облысына бағыт алған жалған тіркеу нөмірлік белгімен «Yutong» қалааралық автобусты басқарған 49 жастағы жүргізушіні анықтады. Жолаушылар автобусы айып тұраққа қойылып, 36 жолаушы басқа автобуспен жеткізілді, - делінген мәліметте. 

Сот шешімімен құқық бұзушы екі тәулікке қамауға алынды және бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бірінші күні айып тұраққа барлығы 12 қоғамдық көлік қойылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: