Жамбыл облысында алтын ұрлағандар ұсталды

5 Тамыз, 14:56 527

Биыл бірқатар өңірде құрамында алтыны бар материалды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, ондаған тонна кен тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ІІМ мәліметтеріне сәйкес, шілде айында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері «Алтыналмас» АҚ «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар кенді ұрлауға қатысы бар адамдарды ұстау бойынша жедел іс-шаралар өткізді.

Іздеу іс-шараларының нәтижесінде Ақбақай, Мойынқұм, Бірлік кенттерінде 11 заңсыз ұсақтау цехы табылды. Онда кен мен тастарды өңдеуге арналған арнайы жабдық, алтын, қаражат, сондай-ақ тоғыз атыс қаруы мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді,- деп хабарлады ведомство.

«Қаракөз» карьерінің аумағында заңсыз кен іздеушілердің екі бригадасы ұсталды. Заңсыз кен өндіріп, шахталарға кірген 17 адам. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, арнайы іс-шараларды өткізу кезінде «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар 600 қаптан астам шикізатты ұрлау фактісі анықталды. Оған комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің қатысы болған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Комбинаттың қауіпсіздік қызметімен бірге ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: