Жамбыл облысында жұмыспен қамту саласына биыл 54,4 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылы өңірде 68 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Өткен жылы 70 056 жұмыс орны құрылып, жоспар 104,1%-ға орындалған. Сондай-ақ, 62 651 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.
Кәсіптік оқытуға 1 243 адам қатысып, олардың 99,3%-ы тұрақты жұмыс тапты. Онлайн оқыту арқылы 2,9 мың адам білім алған. Облыста танымал мамандықтар бойынша дайындық курстары ұйымдастырылып, 1 315 адам мамандық игереді деп күтілуде.
1,5 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетілді. Жоспарлы көрсеткіштерге жете алмаған аудан әкімдерінің есептері тыңдалды. Ербол Қарашөкеев гранттардың ашықтығы мен жұмыс орындарының тұрақтылығына ерекше мән беруді тапсырғаны мәлім болды.