Жамбыл облысында 53 мектептің интернет жылдамдығы артады

17 Тамыз, 16:14 547

Жамбыл облысында 53 мектеп «Starlink» технологиясына қосылды. Енді аталған білім ұяларында интернет жылдамдығы артады. Бұл туралы өңір әкімі Ербол Қарашөкеев «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыста интернет жылдамдығы (20 мегабит/сек) жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 97,4 пайызға артты (2023 ж. – 63%).

Алдымызда 12 мектепті кемінде 20 мегабит/сек жылдамдықтағы интернетке қосу міндеті тұр. Бұл мәселені білім және цифрлық технологиялар басқармасы бірлесіп шешуі қажет, – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев білім басқармасына мектептердегі компьютерлерді жаңартып, істен шыққан техникаларды есептен шығаруды, Тараз қаласы мен аудан орталығында орналасқан білім беру ұяларына бірегей ID карта аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізуді тапсырды. Бұдан өзге аймақ басшысы кеңесте білім беру саласын цифрландырудың маңыздылығына тоқталып, бұл – сапалы білім берудің тетігі екенін атап өтті.

Білім беру саласындағы цифрландыру жас ұрпақты жан-жақты біліммен қарулануға және түрлі ақпараттарға талдау жасауға көмектеседі, ресурстарға жол ашады, заманауи технология мен оқу әдістемесін бірегейлендіруге мүмкіндік береді. Білім беру ісіндегі цифрландыру – дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін әрбір педагогке үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Әкімдік мәліметінше, аймақтағы мемлекеттік мектептердің барлығы интернет желісімен қамтылған.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: