Жамбыл облысы жылыту маусымына дайын да?

9 Желтоқсан 2023, 21:27 947

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте жылыту маусымының өту барысы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатовтың айтуынша, жылыту маусымы басталғаннан бері өңірде инфрақұрылым нысандарында ауыр апаттар немесе төтенше жағдайлар тіркелмеген.

Тоғыз жылу-энергетикалық кешен мен 593 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде, олармен 1737 әлеуметтік нысан мен 1665 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылуда.

Отын-энергетикалық кешендері жылыту маусымында 1,25 миллиард текше метр газ тұтынуды жоспарлауда.  Мазуттың резервтік қоры 15 мың тоннаны құрайды. Жылыту маусымы үшін ҚР Энергетика министрлігінен Жамбыл облысы үшін 24438 тонна мазут бөлінген десек, оның 12938 тоннасы Жаңатас қаласының қазандығына тиесілі.

2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына халықтың көмірге қажеттілігі 149,7 мың тоннаны құраса, қазіргі таңға дейін оның 118 мың тоннасы жеткізілген. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер үшін 66,2 мың тонна сатып алынып, жоспар толығымен орындалған.

Желтоқсан айының екінші және үшінші онкүндігінде ауа райының күрт төмендеуі күтілуде. Бүгінде температуралық режимді сақтау тұрақты бақылауда, сондай-ақ, кәсіпорындарда тәулік бойы диспетчерлік қызметтер ұйымдастырылған.

Басқосу барысында спорт, білім, денсаулық, мәдениет басқармалары басшыларының, аудан әкімдерінің, отын-энергетикалық кешендер өкілдерінің алдағы болжамды ауа-райына дайындықтары бойынша есептері тыңдалды.

Ербол Қарашөкеев барлық қызметтерді күшейтілген жұмыс режиміне көшіруді тапсырды.

Келесі аптада синоптиктер ауа-райының қатты аяз болатынын ескертуде. Барлық қызметтер бұған дайын болуы тиіс. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысы ерекше бақылауда болып, мәселелер туындаған жағдайда жедел шешілуі қажет, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, коммуналдық - тұрмыстық секторды және халықты көмірмен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтер үшін кәсіпорындар мен абоненттердің берешегін өтеу, облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені мен Ұлы дала шағын ауданының ғимараттарын жылумен жабдықтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы сараланды. Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жауаптыларға тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру, инертті материалдардың қажетті қорын дайындау, Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолының бойында жылыту пункттерін ұйымдастыруға қатысты нақты міндеттер жүктеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: