Жамаубаев Лондонда «Жаңа Қазақстан» жайлы айтты

9 Шілде 2022, 01:55 1395

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі, Еуропа қайта құру және даму банкінің кеңесінде Қазақстанның атынан басқарушы Е. Жамаубаев ЕҚҚДБ мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығына арналған бизнес-форумға қатысты, деп хабарлайды EL.KZ.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Осы бизнес-форумның пленарлық сессиясы барысында Е. Жамаубаев мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, оның ішінде «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы, елдегі қазіргі экономикалық ахуал және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. 

Сондай-ақ қаржы министрі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. ЕҚҚДБ Президенті Одиль Рено-Бассомен кездесуде ЕҚҚДБ-мен екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, сондай-ақ әлемдік экономиканы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары А. Қасымалиевпен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары У. Усмонзодамен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

EL.KZ
Бөлісу: