27 Тамыз 2015, 05:24
Мұның басты себебі Жалайыр тайпасының өзіндік ерекшеліктерінде ғана емес, оның Ұлы жүзде «ноқта аға» ретінде қадірленуінде, қастерленуінде, әспеттелуінде. ХІХ ғасырдың 80- ші жылдарында қазақтардың бітім-болмысын, дәстүр-салтын шұқшия да, қызыға зерттеген Н.И. Гродеков Жалайырдың «ноқта аға» атану тарихын түсіндіретін ел аузындағы алып- қашты аңыздарға тоқталған еді . Өкінішке орай, тәтті қиялдан өрбіген олар тарихи шындықты бейнелей алмайды. Сондықтан да аңыздар жетегінде кеткен зерттеуші шындықты таба қоймас.
«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының тарихшы-ғалымдары жүргізген дербес және арнайы зерттеулер «ноқта аға» деген ұғымның «аға тайпа» деген мағынаны білдіретінін, ал жалайырлардың кейінгі қазақтың Ұлы жүзінде осында құрметке ие болу себебінің тарихи тамыры тереңде, сонау Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері заманынан бастау алатынын дәлелдей түсті. Жалайырлардың рулық таңбасының Шыңғыс тұқымымен бірдей болып келуі, ал жауынгерлік ұрандары «Бақтиярдың» бүкіл Ұлы жүзге ортақ болуы, ең соңында – олардың XIV ғасырдың алғашқы онжылдықтарында монғол билігін Шағатай ұлысында нығайта түскен Кебек хан тұсында «манақ» (шуманақ, сырманақ), яғни «сақшы», «күзетші» құқына ие болулары және т.б. қосымша деректер жоғарыдағы тұжырымның шынайылығына жол ашады.
Осы айтылғандардың өзі-ақ жалайырлар тарихының аса күрделілігін және ежелгі ортағасырлардан бастау алатынын дәлелдей түседі. Бұл өзі бірнеше кезеңдерден және тарихи белестерден тұратын, айтарлықтай ауқымды тарихи баян. Мұны кезінде жалайыр шежіресіне алғысөз жазған белгілі тарихшымыз М.Қ. Қойгелдиев байқап, жалайырдың шежіре тарихын төрт кезеңге: 1) керулен-түрік; 2) моңғолдық одақ құрамындағы; 3) шуманақ пен сырманақ атанған және 4) кейінгі жалайыр аталары өсіп-өнген кезеңдерге бөлген еді.
Осылайша кезеңдеу жалайыр тарихының өзіндік ерекшеліктерінен де хабардар етеді. Ал бұдан шығар қорытынды біреу: жалайыр тәрізді белгілі тайпалар тарихының ұңғыл-шұңғылын жеріне жеткізе зерттемей, қазақтың толыққанды тарихын жазу да мүмкін емес қой.
Жалайырдың шежіресін ғана емес, нақты тарихын да зерттеу біздің көзімізді мынаған жеткізді: бұл тарих бірнеше хронологиялық белестерді бастан өткізген үлкен тарих. Оларды кезеңдер бойынша баяндасақ былай болып шығады: алғашқы кезең – түркі дәуірін VI-Х ғасырларды қамтиды. Бұл осы тайпаның қалыптасу заманы. Тайпаны құрайтын рулардың Керулен мен Қалайыр немесе Жалайыр өзені бойында шоғырлана қоныстана бастаған тұсы. екінші кезең – XI-XII ғасырлар тайпаның жалайыр этнониміне ие болып, көршілеріне осы атаумен әйгіленген тұсы. Үшінші кезең – ХІІІ ғасыр – XIV ғасыр басы. Бұл монғол жаулауына белсене қатысу және әртүрлі бағыттардағы жорықтар кезінде ежелгі жалайыр тайпасының тоз-тоз болып ыдырау заманы. Төртінші кезең – XIV ғасыр басы – XV ғасырдың орта шені. Жалайырлардың қалдығы бұл тұста қайтадан екі өзен – Шу және Сыр бойында бас қосып «манақтар» атанды. Бесінші кезең – XV ғасырдың екінші жартысынан XVIII ғасырға дейін. Бұл тұста жалайырлар қазақ атанған халықтың құрамынан өзіндік этникалық орнын тапты. Алтыншы кезең – XVIII ғасырдың орта шенінен XX ғасырдың 20-шы жылдарына дейін созылады. Бұл барлық қазақ ру-тайпалары тәрізді жалайырлардың Ресейге бодандықты бастан өткерген заманы.
Шындыққа бас иер болсақ, жалайыр тарихы қазақ тарихының «ақтаңдақтан» тұратын белгісіз беттері. Ал енді оны білмей қазақ тарихынан толық хабардармыз дей аламыз ба? Әрине, жоқ.
Мұндайда қадірлі оқымандарымыздың мынаны да ескергендері жөн болар еді: біз жалайыр тарихын ерекше тарихи баяндауға айналдырудан, және осы негізде тайпаның өзін де басқа қазақ ру-тайпаларынан бөлектеп, оқшаулаудан аулақпыз. Біздің көз майымызды тауысып, «инемен құдық қазғандай» қиындықпен жазған еңбегімізге сын көзбен қараған оқырман: қазақта жалайырдан мықты тайпа жоқ екен дегендей солақай тұжырым жасамауын қалар едік. Рас, біздер зерттеушілер жалайыр тарихын жазғанда бұл тайпаның халқымыз тарихындағы орнықты орнын және тарихи маңызын айқындауға, баса көрсетуге күш салдық. Оның басты себептері екеу: алғашқысы – кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында жалайырлар тарихына жағымды баға беру мүмкін болмады; екіншісі – қазақ тарихы күні бүгінге дейін жалайыр тәрізді ірі тайпалар тарихын көзге ілмей, біржақты, саяси-идеялық тұрғыдан ғана қаралып келді.
Жалпы алғанда мынаны да ұмытпаған жөн: жалайыр тарихының басқа қазақ руларына ұқсамайтын өзіндік тарих үрдістері де аз емес. Сонымен бірге ол кезінде монғол үстіртін мекендеп, кейіннен қазақ халқын құраған түркі тайпаларымен тарихтың адуынды иірімдерінде тағдырлас және туыстас ғұмыр кешті.
Монғолдардың солтүстік шығысында олармен қоян-қолтық араласқан жалайырлардың өздерінің түркілік, оғыздық тамырларынан қол үзбей, тарихтың шытырман оқиғаларында уақытша «монғол» атанса да, қазақ халқын құрауға бастау және негіз болған ерекше тарихы зерттеушілер тарапынан баса назар аударуды қажет ететіні де рас. Рашид ад-Дин заманынан бізге жеткен ежелгі аңыз деректер жалайырлардың монғолдармен бірге ежелгі Ергенеқон қойнауын бірге мекендеп, сонда өсіп-өнгендерін тәптіштеп баяндайды. Бұл да бір ешкімге ұқсай бермейтін ерекше ғажайып тағдыр. Монғол үстіртін мекендеп, ІХ-ХІ ғасырларда-ақ, өрісін кеңейткен, ірі-ірі он рудан құралған түркі тайпасы да осы жалайыр. Мұны еске түсіргенде жат, тоқырауын, күнсауыт, құмсауыт, ұят, нілхан, күркін, төлеңгіт, түрі, шаңқұт тәрізді оның құрамындағы рулар атауларын бізге жеткізген Рашид ад-Динге мың да бір рахмет! – дер едік.
Осы өлкені мекендеген, кейіннен бүгінгі қазақты құрауға белсенді ат салысқан ірі тайпалар арасында алғашқы рулық құрамы белгілі тайпалар саусақпен санарлықтай. Әрине, осыншама рулардан тұратын жалайырлардың монғол дәуірінен бұрынғы, ежелгі шежіресінің бізге дін аман жетуі біздерді қатты қуанытады. Бұл да қазақ халқының ежелгі ата-бабаларының тарихи тамырының тереңде жатқанына тағы бір айқын дәлел болса керек.
Алайда ежелгі жалайырлар тарихын зерттегенде қуанышымыздың өкінішке ұласып кететін тұстары да баршылық. Есім- дері тарихи деректен айдай айқын жоғарыда аталған жалайыр рулары монғолдар үстемдігі дәуірінде тарих сахнасынан ысырылды. Әлемді тітіренткен әйгілі Шыңғысханның жаулап алу жорықтары тұсында шашылған тарыдай бытырап, ұлы қағанның ұлдары мен әртүрлі түменбасыларының сан тарапқа аттанған қалың қолдары құрамында қиқулап шапқан жалайырлардың бұрын он рудан тұратын темірдей берік тайпа бірлестігі тоз-тоз болып ыдырап-ақ кеткен еді. Кейінгі жұрт жоғарыда айтқанымыздай, енді жалайыр руларының бұрынғы атауларын да естен шығарды. Бұрынғы құдіретті тайпадан ХІІІ ғасыр соңында «жалайыр» атауынан басқа жұрнақ та қалмағандай еді. Енді түркі тарихынан евроцентристік рухта зерттеулер жазған шығыстанушылар мен тарихшылар мәселенің байыбына тереңдеп барудың орнына, жалайырлардың негізгі күре тамыры ежелгі түркі қауымдастығынан бастау алатынын көзге ілмей, оларды «монғолдар» дейтін болып алды. Тарихтың қиын-қыстау кезеңінде монғолдарға қызмет етіп, олардың одағында «ұнаған бол» әлеуметтік тобын құраған жалайырлар өздерінің әріптестеріне достыққа беріктігін, адалдығын ғасырлар бойы нақты істерімен дәлелдеп берген еді.
Сондықтанда қазіргі Қазақстанның оңтүстігіне және Орта Азия аймағына қоныстанған жалайырларға монғол империясын билеушілер тағы да үлкен сенім білдіріп, оларға «манақ» (сақшы, бақылаушы) құқын берді. Осылайша XIV ғасырдың алғашқы онжылдықтарында жалайырлар қайтадан тығыз топтасуға мүмкіндіктер алып, Шу бойын билейтін сақшылар – Шуманақтар, Сыр бойын бақылайтындар – Сырманақтар атанды.
Алланың құдіреті ғажап қой. Ниеті дұрыс, достыққа адал, қожайынға шын жүрегімен берілген жалайырлар тарихтың алмайып, аласапыран арпалыстарында тағы да аман қалды. Олар енді замананың шұғылалы сахнасына қол ұстасқан бауырлас екі рулық одақ – Шуманақ және Сырманақ кейпінде қадам басты. Осылайша айдаһар кейіпті, қуатты да адуынды монғол жаулауы бүтіндей жұтып қоя жаздаған жалайырлар аллаға шүкір, тағы да өркендеу, өзіндік өсіп-өну жолына, қазақ деген ақниетте, ақжарқын халықты нығайтудың айқын да сара соқпағына түсті. Бүгінде қанатын жайған кәрі емендей әбден көркейген, мықты діңінен көптеген қуатты бұтақтар – тағы да сандаған рулар таралған жалайыр тайпасы міне осындай күрделі тарихи-этникалық үрдістің жемісті нәтижесі!
Дереккөзі: «Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде»