Жайың қалай жыраулық өнер?

7 Тамыз 2019, 10:19 9189

Жырау, термеші Серік Жақсығұловпен сұхбат

Қазақ дәстүрлі өнерлерінің ішінде жыраулық өнердің шоқтығы биік. Бұрындары жыраулар ел өміріне етене араласып, ханның нағыз кеңесшісіне айналған. Бабадан қалған асыл өнеріміздің бүгінгі жай күйі қалай? Ел арасында қаншалықты насихатталып жүр? Шәкірт тәрбиелеу ісі кенже қалып жатқан жоқ па? El.kz сайты осы және өзге сұрақтар бойынша белгілі жыршы, термеші Серік Жақсығұловпен тілдескен еді.

(Суретте: жырау, термеші Серік Жақсығұлов)

Cеpiк Жaқcығұлoв – жыpay, теpмешi, педагогика ғылымдарының магистрі. Ол Қopқыт aтa aтындaғы Қызылopдa мемлекеттiк yнивеpcитетiнде бiлiм aлғaн. Серік Орынбекұлы oблыcтық, pеcпубликaлық, халықаралық бaйқayлapдың жүлдегеpi. Aтaп aйтap бoлcaқ, III хaлықapaлық шығapмaшыл жacтap «Шaбыт» феcтивaлiнiң диплoмaнты, «Шaлқap теpмеci – 2002» теpмешiлеpдiң бaйқayындa 1-opын, «Мен aқcұңқap құcтың coйы едiм...» pеcпyбликaлық жыpшы – жыpayлap caйыcындa жүлделi 2-opын алса, pеcпyбликaлық «Ғacыpлap үнi» жыpшы, жыpayлap кoнкypcындa бac жүлде және «aлтын дoмбыpaмен» мapaпaттaлды. Coл cияқты «Шaлқap теpмеci» теpмешiлеpдiң pеcпyбликaлық бaйқayындa бac жүлде иемдендi. «Aймaқтық жыpayлap» бaйқayындa 3-opын, «Қaзaқтың күмic көмей Көшенейi» aтты pеcпyбликaлық жыpшы, жыpayлap бaйқayындa бac жүлдегеp aтaнды. «Тay тұлғa Тұpмaғaмбет» aтты жыpayлap бaйқayындa 1-opыннан көрінді. «Cыp бoйы aқын – жыpayлapының шығapмaшылығындaғы дacтaншылдық дәcтүp» тaқыpыбындa ғылыми зеpттеyлеp мен ғылыми iзденicтеpмен шұғылдaнғaн. «Қaзaқcтaн» ұлттық apнacындaғы pеcпyбликaлық «Cегiз қыpлы» теле-бәйгеciнiң және «Бaтыp бaбa Бұқapбaй» aтты pеcпyбликaлық жыpayлap бaйқayының бac жүлдеciн aлды.  Coнымен қaтap «Көкжapым бoйы – aғын жыp...» pеcпyбликaлық жыpлap бaйқayындa бac жүлде иелендi. ҚP Мәдениет және cпopт миниcтpлiгiнiң ұйымдacтыpyымен өткен «Тектi cөздiң төpеci - теpме» aтты pеcпyбликaлық теpмешiлеp бaйқayындa 2-opын иегеpi aтaнды. Жыpayлық дәcтүpдi зеpттеy жoлындa көптеген ғылыми зеpттеyлеpмен ғылыми мaқaлaлapы жapық көpген. 2006 жылы «Тoмaғa жыp» aтты жыp жинaғы (үнтacпa), 2010 жылы «Көpұғлы» жыpы және «Жыp нacихaт» жыp, теpме, тoлғay (CD) үнтacпacы жapық көpдi. Шәкipттеpi хaлықapaлық, pеcпyбликaлық, oблыcтық бaйқayлapдың жүлдегеpлеpi aтaнып жүp.

El.kz: Халқымыздың жыраулық дәстүрінің тарихы тым тереңде жатыр. Қашанда жыраулардың шоқтығы биік болған. Ал бүгінде бұл дәстүрдің хал-ахуалы қалай?

Серік Жақсығұлов: «Жыраулық өнер дегеннен бұрын, ұлттық өнердің хал ахуалы қалай?» деген сауалға жауап іздеп көрсек, бір сын есіммен «жаман емес» деуге келеді. Елбасы жарлығымен домбыра күні белгіленді, сонымен қатар өнер қызметкерлерінің арнайы күні бекітілді. Көпке қолжетімді болмаса да, Dombyra арнасы ашылды. Бұл ақпарат құралы арқылы қалың көрерменді қазақтың төл өнерімен сусындатуға әбден болады. Орын алып жатқан осындай игі істердің қатарына ұлттық музыкалық аспабымыздың  төл мерекесінде жыршылардың арасында батырлар жыры, лиро-эпостық дастандарды айттырып, үлкен фестивальдер өткізсе деген ұсынысымды айтар едім.  Ол жерде ең мықты деген орындаушылардың басын қосса құба-құп. Бастысы, ХХІ ғасырда қанымызға сіңген өнерді кең көлемде насихаттауға мүмкіндік алып отырмыз. Әрине, жағымды тұстарымен қатар, кемшін тартып тұрған жерлер де кездесіп жатыр. Мәселен, ЖОО-да осындай мамандықтар бойынша гранттардың аз бөлінуі. Соның кесірінен кәсіби білім алған жастарды шалғай өңірлерден таба алмайсыз. «Жыршы, жырауға оқудың қажеті не?» деген кереғар пікірлерді де құлағымыз шалып жүр. Ол дұрыс емес. Қазірде «0621-дәстүрлі өнер жыр» деген мамандық бар, міне осыған талапты жастарды көбірек тартса дейміз. Бұл мамандықтың авторы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жырау Алмас Алматов болатын. Алмас Нұрмаханұлы қазірде Ұлттық өнер университетінен кафедра ашып, дәстүрлі жырға ғана емес, дәстүрлі айтыс пен ән, күй өнеріне ерекше мән беріп отыр. Жалпы, жыраулық дәстүрді басқа өнер түрлерінен бөліп-жаруға болмайды. Бәрімен байланыстыра отырып, айшықты орнын көрсететіндей жыршы-жырауларға жыр орындату керек деп есептеймін. Осы жерде айта кететінім, жырды терме, толғаумен шатастыруға болмайды. Ол – «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Көрұғлы», «Қырымның қырық батыры» сияқты жыр дастандар. Олардың тарихы сөз өнері қалыптасқан заманнан басталады. Сонау үндінің «Тотынамасы», ирандықтардың «Шахнамасы» секілді неше ғасыр қойнауында жатқан қазақ жырларының да шоқтығы биік. Тұрмағамбет Ізтілеуов, Балқы Базар секілді өмірі өнегеге толы жыраулар осы өнердің жетіліп-дамуына барынша үлестерін қосып кетті. Жалпы, бұл өнердің бүгінгі хал-ахуалы жаман емес деуге келеді, десе де одан да биікке көтеретіндей шамамыз жеткілікті.

(Суретте: Өнер адамдары)

El.kz: Жыраулық өнердің ұрпақ тәрбиесінде атқарар рөлі қаншалық?

Серік Жақсығұлов: Ұрпақ тәрбиелеуде бұл өнердің маңызы өте зор. Адам дүние есігін ашқаннан, жарық дүниемен қоштасқанға дейінгі кезеңнен түрлі жыраулық дәстүрді кездестіруге болады. Тіпті, Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», деп жырлайды. Демек, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне бұл өнер соншалықты сіңісіп кеткен. Мәселен, халқымыз жас сәбидің шілдеханасын дүбірлетіп өткізіп, жыраулық өнерге жақын адамдарға басқартатын болған. Тіпті, Әйтеке бидің осындай тойын Жалаңтөс Баһадүрдің өзі жүргізіпті деген ақпар бар. Өкінішке қарай, қазір мұндай жиынға тек әйелдер ғана қатысу керек деген теріс ұғым кіріп кетті. Ал сол ескі заманда жыраулар таңға дейін жырлап, қатарын толтырған сәбидің қуанышымен бөліскен. Одан қала берді, бесік жыры, сыңсу, беташар жыры секілді дүниелер қазақтың тұрмыс-салтымен бірге жасасты. Беташар салтын белгілі жырауға тапсырудың өзіндік пәлсапасы, таным-деңгейі бар. Дін мен салтты қатар ұстанған қазағымызда осы жыраулық өнердің ұрпақ тәрбиесінде, қоғам тәрбиесінде атқарған рөлі зор болған. Ата жырын бесіктен құлағына құйып өскен бала міндетті түрде елін, жерін сүйетін тұлғаға айналады. Ол насихат, өсиетпен өсетін болады. Сол себепті, жыраулық өнердің ұлт тәрбиесіне, ұрпақ тәрбиесіне тигізер маңызы жоғары. Қаншама ғасырды артқа тастаған, терең мағыналы, философияға бай ондай туындылар көп халықта жоқ екенін ескеруіміз керек. Соңғы кездері Balapan арнасының дәстүрлі өнерді насихаттап жүргені де көңілге қуаныш ұялатады, өйткені оған кей жас жеткіншектер міндетті түрде еліктейтін болады.

El.kz: Жыршылық өнерде дәріптеу үшін тағы не істеу керек деп ойлайсыз?

Серік Жақсығұлов: Ілгеріде айтып өткен Dombyra арнасын ауылдық жерлердегілер көре алмайды. Оны барлық қазақстандықтарға қолжетімді етсе деймін немесе Qazaqstan ұлттық арнасынан ең болмағанда жарты сағат жыршыларды қалың көпшілікке насихаттаса екен.  

El.kz: Жыраулық дәстүрді зерттеу жолында біраз еңбектеніпсіз. Сіздіңше, дәстүрлі жыраулық өнер қай кезеңнен, кімдердің тұсынан бастау алған?

Серік Жақсығұлов: Жыраулық дәстүрдің тарихи бас­тауын сонау Күлтегін, Тоныкөк, Орхон Енисей жазуларынан, ғылымда дәлелденіп жүрген, сына тасқа қашап жазылған Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан байқауға болар. Ондағы сөз тіркестері де, ондағы мадақтар да  жыраудың нақ аузынан шыққан деуге толық келісемін. Ал біздің Сыр бойындағы жыраулық дәстүр Қорқыт бабамыздан тікелей қалған өнер деп қабылдаймыз, оның ішінде осы өңірдегі жыршы, жыраулық дәстүр сол Қорқыттан бастау алғанына көзіміз жетеді. Бабамыз ғұмыр кешкен заманнан келе жатқан көне сарын күйлері, гөй-гөйлері кешегі Ешнияз сал, Балқы Базар, Нұртуған, Жиенбай, Бұдабай, Дүр Оңғар, Нартай секілді жыраулардың мақам, саздарынан, бүгінгі жыраулардан да байқалады.

El.kz: Қазақ тарихында жыраулық дәстүр жанданған дәуір қашан болды?

Серік Жақсығұлов: Жыраулық өнер Қазақ хандығы тұсында керемет қарқынмен дамып, шарықтау шегіне жеткен. Қорқыт ата, Асан қайғы, Үмбетей, Қазтуған, Марғасқа, Жиембет, Шал ақын, Бұқар жырауға дейінгі уақытта олар қазақ қоғамынан ойып тұрып орын алған. Бертін Қазақ хандығы өмір сүруін тоқтатқаннан кейін де Кенесарының тұсындағы Нысанбай жырау, одан соң Базар, Жиенбай секілді жыраулар қазақ жыраулық өнерін биігінен түсірмей, қасиетін жоғалтпай өтті. Тіпті, атақты Жетісу өңірінде өткен Кенен Әзірбаевтың жырларына назар аударсақ, ол кісінің нағыз жыршылығын аңғарамыз. Махамбет Өтемісұлының да ақындығынан бұрын, жыраулығын көруге болады. Демек, жыраулық дәстүрдің тамыры тым тереңде жатыр деуге толық негіз бар.

 

(Суретте: Марапаттау сәтінен)

El.kz: Аты көпке танылмай қалған жыраулар баршылық болар. Кімдерді атап өте аласыз?

Серік Жақсығұлов: Ондай жыраулар жетіп артылады. Мұрағаттардан ақтарып отырып, ескі касеталардан өзім талайын тыңдадым десем де болады. Сол кезде біреуі механизатор, кейбірі тракторист, тіпті бірі қарапайым ауыл шаруашылығында жүріп есімдері елге белгілі болмай қалды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде өнегелі ұстаз, талантты жырау болған Сүйінбай Ақбаевтың 100 жылдығын тойлаған едік. Ол кісіні көпшілік біле бермейді. Бірақ ол Тұрмағамбет ауылында алғаш мектептер ашыла бастағанда тегін жұмыс атқарған. Өмірінің соңына дейін жыраулық өнерді дәріптеп өткен. Үш жүзге аты мәшһүр Жиенбай жырауды, Тұрмағамбетті көрген. Шәкірт тәрбиелеп, олардың санасына қазақтың төл өнерін құйып, сонау кеңестік қиын заманда осы дәстүрді насихаттаған өмірі көпге үлгі боларлық адам. Міне, осы секілді жалпақ жұртқа есімі белгілі болмай қалған жандар баршылық.

El.kz: «Шәкіртсіз ұстаз тұл», шәкірт тәрбиелеу ісінде қандай жетістіктерге жетіп жүрсіз?

Серік Жақсығұлов: Өзім 2001 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі өнер жыр кафедрасын аяқтаған соң, 2012 жылға дейін сол білім ордасында қызмет еттім. Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түркпенова деген секілді ел алдында жүрген шәкірттерім бар. Олардың өнер жолында қалыптасуына қолдау көрсетіп, білген түйгенімді үйреттім. 2013-2019 жылдары жырлаулық дәстүрді туған жерімде, жыраулар отанында дамытуға барынша үлесімді қостым.

Осы тұста айта кетерлігі, 2006 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде Көшеней Рүстембековтың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында елімізде алғаш болып Жыраулар үйі ашылған болатын. Оған сол 27 жыл ғұмыр кешкен белгілі жырау, ақын Көшенейдің аты берілді. Бұл мекеме қазір кәсіпорын ретінде жұмысын жалғастыруда. Осы он үш жылдық тарихында киелі шаңырақ халыққа талмай қызмет етіп келеді. Онда алты үйірме бар, оның бесеуі жыраулық өнерді дәріптесе, біреуі қобызға арналған. Шамамен жүз баладай қатысады. Жыраулар үйінің Тұрмағамбет, Көмекбаев, Қуаңдария, Ақжар, ауылдарында филиалдары бар.  Жыраулар үйі облыс басшыларынан алғыс хаттар алса, педагог мамандар құрмет грамоталарымен мадақталып жүр. Қазір онда Көшенейдің туған інісі Бидас Рүстембеков қызмет атқарады.  Шәкірттеріміз халықаралық деңгейдегі байқауларға белсене қатысты. Біздің жыраулар үйінің шәкірті болған Арай Оңғарқызы Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан домбыра мен ақ батасын алған еді.

Тағы да ауыз толтырып айтар жетістігіміз – Әзербайжанда 16 мемлекеттің қатысуымен өткен Мугам фестиваліне Қармақшыдан Тоғжан Бақытова мен Шиеліден Ділназ Ташмұхаммед қатысып, жүлделі 1-орынды қанжығаға байлағаны. Сол секілді Өзбекстанда өткен Естедот халықаралық фестивальдеріне бірнеше оқушыларымызды қатыстырдық. Қытайда, Ресейде, Қазақстанның түрлі аймақтарында өтіп жатқан шараларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алдық. Өзім Qazaqstan арнасында болған қазақ мәдениетін қайта жаңғыртуға арналған «Сегіз қырлы» дәстүрлі ән теле-бәйгесінде бас жүлдені иемдендім. Кейін бұл жетістігімді «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобасында шәкіртім Күнсұлу Түркпенова қайталаған еді.

(Суретте: С.Жақсығұлов шәкірттерімен)

El.kz: «Жыраулар үйінде алты жыл қызмет еттім» деп қалдыңыз, қазір қайда жұмыс атқарып жатырсыз?

Серік Жақсығұлов: Қазір Текей батыр Қарпықұлы атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің директоры қызметіндемін. Оған осы білім ошағының құрылтайшысы Мейрамбек Исаев ағамыздың шақыртуымен арнайы келдім. Өзім Текей батырдың тоғызыншы ұрпағымын. Жалпы, өмірімді шәкірт тәрбиелеуге арнап, жыраулық өнерді одан әрмен дәріптей беруге, ғылым мен шығармашылығымды дамытуға, халыққа төл өнерімізді паш етуге барымды саламын. Шәкірттерімізді әлемдік аренаға шығаратын, жыраулық дәстүрдің туын желбірететін күн де алыс емес.

El.kz: Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

Серік Жақсығұлов:  Келесі жылы облыс, республика бойынша концерт ұйымдастыруды, күйтабақ шығаруды, сонымен қатар, «Сыр бойы ақын-жырауларының шығармашылығындағы дастаншылдық дәстүр» бағытындағы монографияларымызды жарыққа шығаруды жоспарлап жатырмыз.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

(Суреттер С.Жақсығұловтың жеке мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: