Жаһандық қауіп: Індеттерге қарсы адамзаттың жеңісі

16 Қыркүйек, 18:28 532

Әлемдегі ең қауіпті індеттер - адамзат тарихында миллиондаған адамның өмірін жалмап, жаһандық деңгейде денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсірген аурулар. Технология мен медициналық жетістіктерге қарамастан, көптеген жұқпалы ауру әлі де әлемдік қауымдастық үшін үлкен қауіп төндіруде. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі әлемдегі ең қауіпті індеттердің тарихына шолу жасады.

Қазақ жерінде де көптеген індет таралып, халықтың өмірінде, тұрмысында, мәдениетінде өшпестей із қалдырды. Қазақ тарихындағы індеттер негізінен елдің көшпелі өмір салтына, санитарлық жағдайына және табиғи жағдайларына байланысты болды. Соларға тоқталып өтейік.

Оба індеті

Оба (Бубон обасы) – Қазақстанның түрлі өңірлерінде бірнеше рет тіркелген аса қауіпті індеттердің бірі. Орта ғасырларда, әсіресе XIV ғасырдағы «Қара өлім» деп аталатын Бубон обасы Еуразия даласында таралып, қазақ даласына да жеткен. Бұл індет сауда жолдары арқылы келген деседі. Атап айтсақ, Ұлы Жібек жолы арқылы таралған деген жорамал бар. XIX ғасырда оба індеті Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерінде бірнеше рет тіркелген. Мәселен, 1878-1879 жылдары обаның жойқын таралуы Маңғыстау өңірінде көптеген адамның өмірін қиған. Қазақ халқы сол кездері обадан сақтану үшін арнайы дәстүрлі емдеу әдістерін қолданып, науқастарды оқшаулап, арнайы шаралар ұйымдастырған көрінеді.

Сүзек (Тиф)

Сүзек қазақ даласында, әсіресе XIX-XX ғасырларда, кең таралған жұқпалы індет болды. Тифпен негізінен халықтың әлсіз әлеуметтік топтары, малшылар және көшпенділер ауырды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейінгі жылдары сүзек кеңінен таралып, көтерілістен зардап шеккен халықтың ауыр халін одан сайын қиындатты. 1917-1919 жылдары Азамат соғысы кезінде сүзек қазақ жерінде эпидемияға айналды. Әсіресе солтүстік және шығыс өңірлерінде көптеген адам осы аурудан қайтыс болды. Бұл індет халықтың медициналық көмекке қол жетімділігінің төмендігі мен санитарлық жағдайлардың нашарлығына байланысты кең таралған.

Шешек (Оспа)

Шешек (оспа) індеті қазақ халқы үшін үлкен қауіп төндірді. Ол ерте кезден бастап белгілі болып, қазақ даласында үнемі өршіп отырған. Қазақтар көшпелі халық болғандықтан, індеттің таралуы аса қауіпті болды. XVIII-XIX ғасырларда оспадан көп адам қайтыс болған. Шешектің алғашқы алдын алу шаралары патшалық Ресей кезінде жүргізіле бастады. 1800 жылдары шешекке қарсы алғашқы вакциналар Қазақстан аумағында қолданылды. Вакцинация шаралары індеттің таралуын біршама бәсеңдеткенімен, ауру XX ғасырға дейін жалғасты.

Қызылша (Корь)

Қызылша - қазақ жерінде кең таралған індеттердің бірі. Бұл жұқпалы ауру, әсіресе балалар арасында жоғары өлім-жітімге әкелетін. XIX және XX ғасырларда қазақ даласында медициналық қызметтің дамымауы және вакцинацияның жеткіліксіздігі қызылшаның жиі эпидемияға айналуына сеп болды. Аурудың өршуі көбінесе қысқы мезгілде, көшпенді қазақтардың қыстаулары мен мал қораларында болған кезде орын алған. Кейінірек, Кеңес дәуірінде қызылшаға қарсы вакцинациялау кеңінен таралып, аурудың таралуын тоқтату мүмкіндігі пайда болды.

Көкжөтел (Коклюш)

Көкжөтел балалар арасында жиі кездесетін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болды. Қазақ даласында бұл ауру да жиі эпидемияларға айналып отырды. XX ғасырдың басында медициналық көмек көрсету деңгейі төмен болғандықтан, көкжөтел халық арасында кең тараған. Көкжөтел, әсіресе, балалар өлімінің негізгі себептерінің бірі болды. Тек Кеңес Одағы кезінде вакцинациялау кеңінен енгізіліп, көкжөтелмен күресу жолдары табылды.

Туберкулез (Сүзек)

Сүзек немесе туберкулез – өкпеге әсер ететін жұқпалы ауру. Қазақстанда да кең тараған. XIX-XX ғасырларда туберкулез қазақ халқының арасында жиі кездескен еді. Ауру негізінен халықтың нашар тұрмыстық жағдайлары, дұрыс тамақтанбауы және санитарлық жағдайлардың төмендігімен байланысты болды. Кеңес үкіметі кезінде сүзекке қарсы арнайы санаторийлер ашылып, туберкулезбен күресу шаралары қолға алынды.

Қарасан (Сібір жарасы)

Сібір жарасы немесе қарасан – малшылар мен олардың малдарына қауіп төндірген індеттердің бірі. Аурудың негізгі тасымалдаушылары мал болғандықтан, қазақ даласында мал шаруашылығымен айналысатын халық арасында жиі кездескен. Сібір жарасы адамға жұққанда ауыр жағдайға әкеліп, өліммен аяқталуы мүмкін. XX ғасырдың басында Қазақстанның бірнеше өңірінде қарасан эпидемиялары тіркеліп, оларды болдырмау мақсатында арнайы ветеринариялық шаралар жүргізілген.

Тырысқақ (Холера)

Холера індеті Қазақстанға көбінесе көрші аймақтардан келіп тұрған. XIX ғасырдың соңында тырысқақ қазақ даласында бірнеше рет эпидемия тудырған. 1892 жылы Қазақстанның оңтүстігінде холераның жойқын індеті тіркелді. Ол Сырдария өзенінің бойында өмір сүрген халыққа үлкен зиян тигізді. Бұл індет таза ауыз судың жетіспеушілігі мен санитарлық жағдайлардың нашарлығынан пайда болған. Патша үкіметі холерамен күресу үшін арнайы шаралар қолданғанымен, халықты толық қорғай алмаған.

Қазақ жерінде әртүрлі кезеңдерде түрлі жұқпалы аурулар кең таралып, халықтың денсаулығына, экономикасына және мәдениетіне елеулі әсер еткен. Инфекциялар көбінесе көшпенді өмір салтына байланысты тез таралған. Дәстүрлі емдеу әдістері мен санитарлық шаралардың дамымағандығы індеттермен күресті қиындатты. Десе де, Кеңес үкіметі кезеңінде вакцинация мен медициналық қызметтердің дамуы қазақ жеріндегі індеттерді бақылауға алу мүмкіндігін арттырды. Сонда да халықтың денсаулығы мен өмір салтына ықпал еткен бұл індеттердің тарихи маңызы әлі де елеулі болып қала береді.

Әлемдегі ең қауіпті індеттер тізіміне тағы бірнеше ауруларды қосу маңызды. Себебі олар да айтарлықтай зардап әкеліп, көп адамның өмірін жалмады.

Испан тұмауы (1918-1919 жж.)

Испан тұмауы - әлемдегі ең үлкен індеттердің бірі. 1918 жылы басталып, екі жыл ішінде шамамен 50-100 миллион адамның өмірін қиды. Бұл вирустың ерекшелігі - жоғары жұқпалылығында. Жас адамдар арасында да өлім-жітім жоғары болды. Бұл індет алғаш рет Испанияда байқалғандықтан «Испан тұмауы» деп аталды. Вирусты әлем халқының 1/3 бөлігі жұқтырды. Ол тез таралып, Бірінші дүниежүзілік соғыспен қатар жүрді. Бұл өз кезегінде, денсаулық сақтау жүйесінің нашарлауы мен өлім-жітімнің көбеюіне әкелді.

АИТВ/ЖИТС

АИТВ (адам иммунтапшылығы вирусы) — иммундық жүйеге әсер етіп, ЖИТС-тің (жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы) дамуына әкелетін вирус. Бұл вирус алғаш рет 1980 жылдары анықталды. Бүкіл әлемде 35 миллионнан астам адам осы аурудан қайтыс болды. Қазіргі таңда АИТВ-ны емдеудің тиімді жолдары бар. Бірақ вирус толық жойылмайды. Сондықтан бұл дерт әлі де жаһандық денсаулық үшін үлкен қауіп төндіріп отыр. АИТВ қан, жыныстық қатынас және ананың сүті арқылы таралады.

Коронавирус (COVID-19)

COVID-19 — 2019 жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында пайда болған. SARS-CoV-2 коронавирусынан туындаған жаһандық пандемия. Бұл вирус қысқа уақыт ішінде әлемнің түкпір-түкпіріне таралып, 2020 жылдың басында Пандемия деп танылды. 2023 жылға дейін COVID-19-дан миллиондаған адам қайтыс болды. Оның негізгі белгілері – жоғары температура, жөтел, тыныс алудың қиындауы. Бұл індет денсаулық сақтау жүйесіне, экономикаға және адамдардың күнделікті өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Вакциналар мен емдеу әдістері жасалып, пандемияны басқаруға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, ол әлі де әлем бойынша таралуда.

Эбола

Эбола вирусы – өте қауіпті және өлім деңгейі жоғары геморрагиялық қызбаны тудыратын вирус. Эбола алғаш рет 1976 жылы Орталық Африкада анықталған, бірақ оның ең үлкен таралуы 2014-2016 жылдары Батыс Африкада орын алды. Бұл індеттен 11000-нан астам адам қаза тапты. Эбола вирусы қан, дене сұйықтықтары және жұқтырылған заттар арқылы таралады. Оның алғашқы белгілері дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, бұлшықет ауыруы, содан кейін қан кетулер мен ағзалардың істен шығуына алып келеді.

Безгек

Безгек – Plasmodium паразиттері арқылы таралатын жұқпалы ауру. Оны масалар таратады. Жыл сайын шамамен 200 миллион адам безгекке шалдығып, 400 мыңнан астам адам қайтыс болады. Олардың басым көпшілігі - балалар. Безгек негізінен Африка, Оңтүстік Азия және Оңтүстік Америка елдерінде таралған. Аурудың негізгі белгілері – қызба, қалтырау, бас ауыру, құсу. Ауруға қарсы тиімді ем-дом бар. Бірақ кей аймақтарда дәрі-дәрмекке төзімді түрлері де дамып жатыр.

Ми қабынуы (Менингит)

Менингит – ми мен жұлын қабықтарының қабынуымен сипатталатын ауру. Оны вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар немесе паразиттер қоздырады. Бактериялық менингит - ең қауіпті түрі. Ол тез арада емделмесе, өлімге немесе мүгедектікке әкелуі мүмкін. Жыл сайын әлемде жүздеген мың адам ми қабынуынан зардап шегеді. Арасында балалар да бар. Ең жиі кездесетін симптомдар: дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, мойынның қатайып қалуы және жарыққа сезімталдық.

Марбург вирусы

Марбург вирусы Эбола вирусымен тығыз байланысты. Оның өлім-жітімі өте жоғары. 88%-ға жеткен. Вирус алғаш рет 1967 жылы Германия мен Сербияда лабораториядағы маймылдардан адамдарға жұққан. Эбола сияқты Марбург вирусының да тиімді емдеу әдістері жоқ. Бірақ ерте диагностика жасап,  науқастарды оқшаулау індеттің таралуын болдырмауға көмектеседі.

Сарымсақ безгегі (Ласса безгегі)

Ласса безгегі – Батыс Африкада кең таралған геморрагиялық қызба. Ол вирустық инфекциядан пайда болады. Ауруды Mastomys деп аталатын кеміргіштер таратады. Ласса безгегі жыл сайын 300 000-нан астам адамға жұғады. Олардың 5 000-ы тіл тартпастан кетеді. Аурудың ерте кезеңіндегі белгілері тұмауға ұқсас көрінгенімен, ауыр жағдайларда ішкі қан кету, бүйрек және бауырдың зақымдалуыымен сипатталады.

Сарғыш безгек

Сарғыш безгек – негізінен Африка және Оңтүстік Америкада кездесетін вирустық ауру. Оны Aedes aegypti масалары таратады. Сарғыш безгек бауырға, бүйрекке әсер етеді. Салдарынан өлімге әкелуі мүмкін. Вакцинация сарғыш безгектің таралуын бақылауға мүмкіндік бергенімен, аурудың кейбір аймақтарда таралу қаупі әлі де бар. Симптомдарына дене қызуының көтерілуі, бас ауыру, сарғаю және қан кету жатады.

Денге қызбасы

Денге – тропикалық және субтропикалық аймақтарда таралған вирустық ауру. Оны да масалар таратады. Әлем бойынша жыл сайын 400 миллионға жуық адам денге вирусын жұқтырады. Ауыр жағдайларында денге геморрагиялық қызбасы дамып, ол өлімге алып келуі мүмкін. Аурудың белгілері: қызба, бас ауыруы, бұлшықет және буындардың ауыруы, тері бөртпелері. Вирусқа қарсы вакцина мен тиімді емдеу жолдары әлі де шектеулі.

Маймыл шешегі (monkeypox)

Маймыл шешегі - бұл сирек кездесетін вирус инфекциясы. Көбінесе Орталық және Батыс Африкада кездеседі. Вирус адамдарға жабайы жануарлардан, әсіресе приматтар мен ұсақ сүтқоректілерден жұғады. Сонымен қатар, адамнан адамға тығыз байланыс арқылы таралуы мүмкін.

Маймыл шешегінің белгілері: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттер мен буындардың ауырсынуы, шаршау, терідегі бөртпелер. Көбінесе қол мен бетте басталады.

Бұл инфекцияның инкубациялық кезеңі әдетте 6-дан 13 күнге дейін созылады. Бірақ 5-тен 21 күнге дейін өзгеруі мүмкін.

Маймыл шешегінің ауыр жағдайлары сирек кездеседі. Әсіресе иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін.

Жоғарыда аталған індеттер адамзат тарихында миллиондаған адамның өмірін қиды.  Олардың әрқайсысы медицина мен ғылым салаларына үлкен сынақ болып, қоғамның санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсарту қажеттігін көрсетті. Қазіргі заманғы медицина көптеген ауруды басқаруға мүмкіндік берсе де, жаңа жұқпалы аурулар мен дәрі-дәрмекке төзімді штаммдар адамзатқа тұрақты қауіп төндіреді. Сол себепті аурулардың алдын алу, дер кезінде емдеу және медициналық зерттеулерді дамыту әлі де басты назарда болуы тиіс.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: