«Жағдай нашарлап кетті». Төрт түлікте жұқпалы және паразиттік аурулар көбейіп барады

14 Желтоқсан 2023, 13:35 727

Төрт түлікте жұқпалы және паразиттік аурулар көбейіп, еліміздегі эпизоотиялық жағдай нашарлап кетті.  Бұндай ахуал  қайғылы салдар мен қосымша экономикалық шығындарға әкеліп жатыр. Сенатор Арман Өтеғұлов өзінің депутаттық сауалында ветеринария саласындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Сібір жарасы ауруына шұғыл шаралар қабылдамаса, ол Қазақстанды тұтастай қауіпті аймаққа айналдырады. Созылмалы бруцеллез ауруы  барлық обылыста кездеседі және республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенмен ауру әлі өршіп тұр, - деді сенатор.

Депутат ветеринария саласындағы кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды.

Саладағы ветеринариялық дәрігерлердің құқықтық мәртебесі мен мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайы да өте төмен. Осы аталған мәселеге Үкімет тарапынан нақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдайтын уақыттың жеткендігін басып айтқым келеді. Келесі маңызды мәселе 2024 жылдың шілдесінен бастап күшіне енетін Кеден одағының техникалық регламентіне өзгерістер енгізу болып табылады. Оның нәтижесінде біздің өнімдеріміз алыс шет елдерді айтпағанда Еуразия аймағына өтпейді деген сөз, - деді депутат.

Сенатор Арман Өтеғұлов осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа зертханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды, ветеринария саласындағы төлем жүйесін қайта қарауды және жеке ветеринария саласын жетілдіруді, сондай-ақ аса қауіпті аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алуды көздейтін халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмыс бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Миражан Махан
Бөлісу: