Жаңа технологиялар: артықшылықтары VS салдары

5 Қыркүйек 2014, 06:44

Бүгін мен TED конференциясының кезекті бір керемет тақырыбын көрдім: «Хью Герр: жүгіруге, тауға шығуға және билеуге қайта мүмкіндік берген биониктер» (Hugh Herr: The new bionics that let us run, climb and dance).

Бүгін мен TED конференциясының кезекті бір керемет тақырыбын көрдім:  «Хью Герр: жүгіруге, тауға шығуға және билеуге қайта мүмкіндік берген биониктер» (Hugh Herr: The new bionics that let us run, climb and dance).

Хью Герр бионикалық аяқ-қолдардың жаңа ұрпағын жасаумен айналысады. Бұл жердегі жаңа ұрпақ дегеніміз – табиғи модельдер негізіндегі роботталған протездер болмақ.

Хью 30 жыл бұрын тауға шығамын деп жүріп екі аяғынан айырылған. Қазір олМассачусетс технологиялық институты (MIT) жанындағы «Медиа Лаб» атты зерттханадағы биометрика жөніндегі топтың жетекшісі. 30 жыл бойы ол өзінің биологиялық тұрғыдан шектелуімен күресіп ақыр соңында жеңіске жете алды.

Конференцияда Хью бионикалық аяқтың неше түрлі жаңа модельдерін көрсетеді. Жаңа модельдер табиғи аяқтың барлық физикалық мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндік береді. Тіпті, видеодан көргеніміздей, аяғынан айырылған кәсіби биші қыз (Адрианна Хаслет-Дэвис), бионикалық аяқтың арқасында өз кәсібіне қайта оралып, бұрынғыша билей алды.

 

Бұл керемет жетістік! Көптеген мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жаңа бір үміт. Әрине қазір бұл технология өте қымбат, бірақ белгілі бір уақыттан соң, мұндай аяқтар қазіргі ұялы телефондар секілді қолжетімді құрал болмақ.

Ғылым мен технологияның құдыреті деген осы!

Бірақ мені бір нәрсе қатты ойландырды.

Хью сөз арасында бионикалық аяқтардың мүмкіншілігі кәдімгі аяқтан да артықекендігін айтып қалды. Оның айтуынша жасанды аяқты ұзартуға, қысқартуға болады, керек емес кезде оны шешіп, қажет болғанда қайта киіп алуға болады.Жасанды аяққа үйренсеңіз, өзіңіздің биологиялық аяғыңыз тым ауыр болып көрінеді екен. Сондай-ақ, Хью болашақта аяқ-қолы сау адамдар да осы бионикалық аяқ-қолдарды қолданатындығын айтады. Тіпті қажет болса, адамдар бүкіл денесіне осы бионикалық технология негізінде жасалған экзоскелеттерді киіп алып жүретін көрінеді.

Дәл осы пікір мені екі ойлы етті. Бір жағынан, тағдырдың тәлкегінен жұрт қатарлы жүре алмайтындарға бұл үлкен мүмкіндік, екінші жағынан аталмыш технология адамзаттың биологиялық әлсіреуіне әкелуі мүмкін сияқты. Өз ойым өзіме оғаш көрініп, адамдардың осы видеоға қатысты пікірін білгім келіп, төмен түсіп, бір қызық жазбаға тап болдым.

Ryan Niese есімді жігіт осы тақырыпқа қатысты өз ойын келесідей білдіріпті:

«Мен айтылған сөздермен де, Хьюмен де келіспеймін. Біріншіден, экзоскелеттердің дене мүшелерін толықтай пайдалана алмайтындар үшін (мысалы, сарбаздар) тигізер көмегі көп, бірақ мен Хьюдің осы құралды қалай қолданғысы келетінен алаңдаймын. Оның айтуынша, экзоскелеттерді буындардың қосылған жерін сыртқы күштерден қорғау үшін қолдануға болады және болашақта адамдардың бәрі оны жүгіру секілді қарапайым қозғалыстардың бәрінде пайдаланады. Бұл кісі мен қатты қорқытады, бұл пікір Массачусетс технологиялық институты профессорынан шығып отыр. Ол ағзамыздың миллиондаған жылдар бойы жүріп келген эволюцияның нәтижесінде қалыптасқан табиғи қорғаныс жүйесін елемеуге шақырады.»

Бұл азаматтың пікірімен келісуге болады. Экзоскелетті дені сау адамдардың қолданғаны дұрыс емес.

Мен консерватор емеспін, жаңашылдықты өзімше жақсы көремін. Бірақ кез келген жаңа дүниені жан жақты талдап барып, қабылдағанды қалаймын. Бұлай дейтін себебім, біз өмірімізді жеңілдететін көптеген дүниелер ойлап табамыз, сөйтіп оны рахаттана пайдаланамыз, салдары туралы аз ойланамыз, кейде салдардың бар екенін білмейміз де.

P.S. Мен ғылым мен инновацияның дамуын қолдаймын. Тек оның бағытын дұрыс қойсақ деймін. Бағыты дегенім, жасалған өнімнің адамзатқа теріс салдар әкелдірмеу жолдарын қатар зерттеу.

Бұл менің пікірім, Сіз қалай ойлайсыз?

Бейнематериалды мына сілтеме бойынша көре аласыз: http://www.ted.com/talks/hugh_herr_the_new_bionics_that_let_us_run_climb_and_dance?language=ru#t-16980

Авторы: Дархан Өмірбек

Бөлісу: